Call-орталығы:

1408+7 800 080 18 90

 
Қалалық тел.:

+7 (727) 244 55 66

Қашықтықтан оқыту системасы

Ақтөбеде алғашқы республикалық жас кәсіпкерлер форумы өтті

13 қазан 2014 ж., 12:14

Ақтөбе қаласында жас кәсіпкерлердің алғаш республикалық форумы өтті. Екі күн ішінде 300-ден астам жас кәсіпкер бизнесті басқару және дамыту саласында теориялық және тәжірибелік мағлұмат алды.

Форумға облыс әкімі Архимед Мұхамбетов, «Даму» КДҚ» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова, экономика министрлігінің және жас депутаттар ассоциациясының өкілдері қатысты.

«Даму» КДҚ» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова Ақтөбе облысының жас кәсіпкерлерінің аса белсенділігін атап өтті.

– Форумның Ақтөбеде өтіп жатқаны кездейсоқ емес. Ақтөбе облысы «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында субсидияға иеленген жас кәсіпкерлер саны бойынша көш бастап келеді. Осы уақытқа дейін Ақтөбе облысында жас кәсіпкерлердің 19 жобасы субсидияланды. Кепілдендіру бойынша 518 келісімшарттың 36-сы жас кәсіпкерлердің үлесіне келеді. Соның ішінде Ақтөбе облысы көшбасшылардың бірі – кепілдендіру бойынша жас кәсіпкерлермен 4 келісімшарт жасалған, – дейді Ләззат Ибрагимова.

Сондай-ақ «Даму» Қорының басқарма төрағасы облыс басшылығына жас кәсіпкерлерді қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды: егер облыс бюджетінен 200 млн.теңге бөлінсе, «Даму» Қоры аталған жобаға тағы да 200 млн.теңге қаржы бөледі.

Содан соң Ләззат Ибрагимова жас кәсіпкерлерге мемлекеттік бағдарламалармен несие алу мәселелері бойынша мастер-класс өткізді.

–Бизнеске несие алудың бірінші қағидасы – несиені өзің жұмыс жасайтын валютада алу. Екінші қағида – бизнесту дамыту үшін тұтыну несиесін алмау. Үшінші қағида – несие шартын дұрыс жасау.

Сондай-ақ «Даму» Қорының басқарма төрағасы «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында старт-ап жобаларға несие алу үшін үкіметтің 70 пайызға дейін кепілдеме беру мүмкіндіктері туралы айта кетті.

–Табысты бизнестің тағы бір құпиясы – бірінші өнімді өндіруді емес, өткізуді ойлау қажет. Ол үшін маркетингілік зерттеу өткізу қажет, – дейді Ләззат Ибрагимова.