Call-орталығы:

1408+7 800 080 18 90

 
Қалалық тел.:

+7 (727) 244 55 66

Қашықтықтан оқыту системасы

Қазақстандағы лизингтің қазіргі күйіне қысқаша шолу

17 қараша 2015 ж., 09:13

Негізгі құралдарды сатып алуға және жаңартуға деген қажеттік кәсіпкерлердің лизинг сияқты қаржылай өнімге деген сұранысына себеп болады. Сәйкесінше нарықтағы кәсіпорындардың және жалпы экономиканың негізгі құралдарға инвестициялар бағыттауға бағдарланғандығы лизингтің дамуына әсерін тигізеді. Инвестициялар экономиканың жалпы өсімін айқындайды, бұл жинақтауға және болашақта жиналған қаражатты тұтынуға мүмкіндік береді.

Статистикалық деректер көрсетіп отырғандай, 2010 жылдың соңындағы жағдай бойынша Қазақстан экономикасындағы негізгі қорлардың көлемдері 26,4 трлн. теңге мөлшерінде болса, 2014 жылдың соңында 47,0 трлн. теңгені құрап, 78%-ға өскен.

Алайда теңгерімдік құн тұрғысынан негізгі қорлардың өсімі сондай қарқын емес, бес жыл ішінде олар 40%-ға ғана өскен. Негізгі қорлардың тозу дәрежесінің жылдан жылға ұлғаюы алаңдатады: 2010 жылы бұл көрсеткіш негізгі құралдар құнының шамамен алғанда үштен екі көлемінде болса (32,5%), 2014 жылы жартысындай дерлік көлемін құрады (47,1%).

Атап өтетін жайт, амортизация көлемдері жаңа негізгі құралдарды енгізудің барабар көлемдерімен теңдестірілмейді. Соңғы үш жыл ішінде жаңару коэффициенті төмендей беріп, 2014 жылы 10,2%-ды құрады, ал 2014 жылы пайдалануға енгізілген жаңа негізгі құралдардың құны алдыңғы жылдың көрсеткішінен 184 млрд. теңгеге немесе 3,7%-ға төмен болды.

Солайша жоғарыда аталған деректерден көріп отырғанымыздай, кәсіпорындардың қаржыландыруға, соның ішінде лизингке деген қажеттігі бар, бұл құралдар негізгі қорларды жаңарту және кеңейту үшін пайдаланылуы мүмкін.

Статистикаға жүргізілген талдау көрсеткендей, банктердің несиелері кәсіпкерлер үшін борыштық қаржыландырудың негізгі көзі болып қалуда. Бұл кезде ұзақ мерзімді несиелерді және атап айтқанда негізгі құралдарды сатып алуға арналған несиелерді беру банктер үшін әр уақытта тиімді бола бермейді, себебі банктердің өздері үшін көбінесе халық қысқа мерзімге ашуды жөн көретін депозиттер қаражаттың негізгі көзі болып табылады.

2010-2014 жылдары банктер экономиканы және кәсіпкерлік секторды несиелеу көлемдерін ұлғайтты. Бес жыл ішінде бизнес-мақсаттарға берілген несиелердің жыл сайынғы көлемдері 3,3 трлн. теңгеден 8,0 трлн. теңгеге дейін 2,4 есе өсті.

Негізгі қорларды сатып алуға берілген несиелер 2013 жылы ең көп деген көрсеткішке жетіп, 536 млрд. теңгені немесе бизнес-мақсаттарға берілген несиелердің жалпы сомасының 8,8%-ын құрады. Статистика көрсеткендей, осы несиелер тобы екінші деңгейдегі банктердегі (ЕДБ) ликвидті қаражаттың қысқаруынан бірінші болып зардап шекті: 2014 жылы негізгі құралдарға берілген несиелер 477 млрд. теңгеге дейін, ал олардың үлесі 5,9%-ға дейін қысқарды.

Егер банктердің негізгі қорларға берген несиелерінің көлемдерін және пайдалануға енгізілген жаңа қорлардың көлемдерін салғастыратын болсақ, компаниялардың ұзақ мерзімді қаржыландыруға деген қажеттігін банктердің толық-қанды қанағаттандырмайтыны анық болады. Бұл жағдайда банктерді Ұлттық қордың немесе Республикалық бюджеттің есебінен шартты түрде қаржыландыру арқылы немесе инвестициялық мақсаттарға берілетін несиелер бойынша сыйақының мөлшерлемесін субсидиялау арқылы ұзақ мерзімге ақша беруге ынталандыру үшін мемлекет шаралар қолдануға мәжбүр. Мысалға, 2014-2015 жылдары мемлекет өңдеу өнеркәсібіндегі шағын және орта бизнесті несиелеу үшін банктерде 200 млрд. теңге орналастырды, олардың кем дегенде 50%-ын банктер кәсіпкерлердің негізгі құралдарды сатып алуы мақсатына бағыттауға тиіс. Субсидиялау кем дегенде 70%-ы инвестициялық мақсаттарда пайдаланылатын несиелер бойынша ғана жүзеге асырылады. 2010-2014 жылдары осындай несиелер 1 трлн. теңгеден астам сомаға берілді.

Несиелеуден басқа негізгі қорларды сатып алуды қаржыландырудың нарық қатысушыларына тиімді болатын баламалы түрлерін дамыту қажеттігі туындайды. Мұның оңтайлы шешімі – лизинг, «лизинг беруші сатушыдан меншігіне сатып алған және лизинг шартында көзделген лизинг мәнін кәсіпкерлік мақсаттарда уақытша иелік ету және ұзақ мерзім пайдалану үшін белгілі бір ақыға және белгілі бір талаптармен лизинг алушыға беруге міндеттенетін инвестициялық қызметтің түрі».

Лизинг әлемдік тәжірибеде айтарлықтай ұзақ және кеңінен пайдаланылып келеді. Негізгі қорларды сатып алудың банктік несие немесе меншікті қаражаттың есебінен сатып алу сияқты баламалы түрлерімен салыстырғанда бұл қаржы құралының артықшылықтары мен кемшіліктері қандай?

Лизинг компания үшін қаржылық, өндірістік, өткізу функциялары, салықтық және амортизациялық жеңілдіктерді пайдалану функциясы сияқты бірқатар функцияларды атқарады.

Жабдықтар мен көлік құралдарын шығаратын көптеген өндірушілер, сондай-ақ дилерлік желілер меншікті өнімдерді өткізу көлемдерін ұлғайту үшін лизингті дамытуға өздері мүдделі. Мысалға, Қазақстанда автокөлікті сатумен айналысатын «AstanaMotors» компаниясы соңғы жылдары меншікті машиналарды жинау нарығына шыға бастады, оның «AstanaMotorsLeasing» лизингтік компаниясы қызмет етеді. Дилерлік желілердің жанында автомобильдерді бөліп төлеу мүмкіндігін бере отырып сататын компаниялар жұмыс істейді.

Жалпы сатып алушылардың, сол сияқты жеткізушілердің қызығушылығы Қазақстандағы лизинг нарығының дамуына септігін тигізеді. Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті лизингтік қызметті жүзеге асыратын кәсіпорындарға жүргізген зерттеу деректері бойынша 2014 жылы қаржылық лизинг шарттарының жалпы құны 128,6 млрд. теңгені (695 млн. АҚШ долларын) құрады. Лизингтік компаниялардың 2014 жылы жасасқан жаңа мәмілелерінің саны 5 600 данадан асты. Нарықта жылда өсім байқалады, осының арқасында соңғы бес жылда шарттардың жылдық құны 2,67 есе ұлғайды, шарттардың саны 2,73 есе көбейді (1-сурет).

Қаржылық лизинг шарттарының жылдар тұрғысынан қарастырылған саны және құны
1-сурет. Қаржылық лизинг шарттарының жылдар тұрғысынан қарастырылған саны және құны

Лизинг мәндерінің тұрғысынан нарық құрылымында мемлекеттік лизингтік компаниялар қаржыландыратын секторлар негізгі үлеске ие. Бұған бірінші кезекте ауыл шаруашылық техника және мал, машина жасау және металлургия жабдықтары, сондай-ақ медициналық техника жатады. Мысалға, 2014 жылы басқа машиналар мен жабдықтардың үлесі 3 пайыздық тармаққа (пт) ұлғайып, мәмілелердің жалпы көлемінің 83%-ын құрады. Жеке лизингтік компаниялар көбінесе автокөлік және құрылыс техникасы секторларында бәсекелеседі, мемлекеттік компаниялар қаржыландыратын салалармен салыстырғанда бұл секторлардың үлесі аз болса да, олар нарықтағы негізгі салалар болып табылады; 2014 жылы автокөлік үлесі 15%-ды құрады, бұл өткен жылдың көрсеткішінен 3 пт-қа көп (2-сурет).

Қаржылық лизинг шарттарының лизинг мәндері тұрғысынан қарастырылған құны
2-сурет. Қаржылық лизинг шарттарының лизинг мәндері тұрғысынан қарастырылған құны

Ауыл, орман және балық шаруашылығы барынша тартымды салалар болды, олардың үлесі қаржылық лизинг шарттарының жалпы құнының 58%-ын құрады; өңдеу өнеркәсібі – 11%, көлік және қоймаға сақтау – 10%, ақпарат және байланыс – 7%, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер – 3% (3-сурет) [5].

Қаржылық лизинг шарттарының экономика салаларының тұрғысынан қарастырылған құны
3-сурет. Қаржылық лизинг шарттарының экономика салаларының тұрғысынан қарастырылған құны

2014 жылы Астана, Алматы қалаларындағы және Ақмола облысындағы лизингтік ұйымдар ең белсенді болды, бұл аймақтардағы лизинг шарттарының құны жалпы республикалық көлемнің сәйкесінше 67,4%-ын, 23,1%-ын және 7,3%-ын құрады (4-сурет).

Қаржылық лизинг шарттарының экономика салаларының тұрғысынан қарастырылған құны
4-сурет. Қаржылық лизинг шарттарының экономика салаларының тұрғысынан қарастырылған құны

Лизинг негізгі құралдарды сатып алу үшін кәсіпкерлерді ұзақ мерзімді қаржыландырудың көзі болып табылады. 2014 жылғы деректерге сай лизинг бойынша қаражаттың 64%-ы 6 жылдан астам мерзімге, 36%-ы 3 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге тартылды (5-сурет).

Қаржылық лизинг шарттарының экономика салаларының тұрғысынан қарастырылған құны
5-сурет. Қаржылық лизинг шарттарының экономика салаларының тұрғысынан қарастырылған құны

2012 жылға дейін салыстырмалы түрде арзан қаржыландыру көзі болып келген қаржылық лизинг соңғы жылдары қымбаттады. 2013-2014 жылдары шарттардың 75%-ы 10%-дан 14%-ға дейінгі, шамамен алғанда 20%-ы 10%-ға дейінгі мөлшерлеме бойынша жасалды (6-сурет).

Қаржылық лизинг шарттарының сыйақы мөлшерлемелері тұрғысынан қарастырылған сызбасы
6-сурет. Қаржылық лизинг шарттарының сыйақы мөлшерлемелері тұрғысынан қарастырылған сызбасы

Жаңа мәмілелердің құрылымында шағын және орта бизнес (ШОБ) үлесінің 2013 жылдағы 81%-дық деңгейден 2014 жылдағы 73%-дық деңгейге дейін төмендеуі байқалды. Бұл клиенттердің көбінесе осы санатын қаржыландыратын ең ірі нарық мүшесінің жаңа мәмілелері сомасы өсімі қарқынының төмендегенімен түсіндіріледі. Мемлекеттік компанияларды ескермегенде, жаңа мәмілелер көлемінің құрылымындағы ШОБ үлесі 40%-ды құрады. Кейбір нарық мүшелері үшін бұл негізгі сегмент болып табылады, алайда жалпы нарық қатысушылары айтарлықтай икемді келеді және жылдан жылға мәмілелердің құрылымы айтарлықтай өзгеруі мүмкін.

Нарықта он шақты белсенді ойыншы бар, бірақ лизингтік қаржыландыру арқылы бизнесті және әлеуметтік саланы қолдау бағдарламаларының аясында жұмыс істейтін мемлекеттік компаниялар мәмілелердің басым бөлігін қамтамасыз етеді. Мемлекет қатысатын «БРК-Лизинг», «ҚазАгроФинанс» және «ҚазМедТех» сияқты үш компания жаңа бизнестің көлемдері бойынша 2014 жылы көш бастады. Бұл кезде мемлекеттік лизинг берушілер көбінесе жеке лизингтік компаниялардың белсенділігі төмен секторларда жұмыс істейді. Экономиканың жеке салаларын қолдау (соның ішінде лизинг құралдарының көмегімен) міндеті алға қойылды.

«ҚазАгроФинанс» компаниясы нарықтың сөзсіз көшбасшысы болып табылады. Қазіргі уақытта бұл ауыл шаруашылығы саласындағы жаңа лизингтік мәмілелердің ірі көлемдеріне ие жалғыз компания. 2014 жылы ҚАФ-тың жаңа бизнестегі үлесі 70%-ға жуық болса, жиынтық ағымдағы қоржындағы үлесі 74%-ды құрады. Алдыңғы жылмен салыстырғанда 2014 жылдың қорытындылары бойынша ҚАФ лизингтік қоржыны 30%-ға өсті.

«БРК-Лизинг» «Өнімділік-2020» бағдарламасының аясында бизнеске қолдау жүзеге асырады, компания елді индустриялық-инновациялық дамыту стратегиясына сәйкес келетін ірі масштабты жобаларды инвестициялауға бағдарланған. Бұл кезде компания өңдеу өнеркәсібін, өндірістік және көліктік инфрақұрылым саласындағы жобаларды басым көреді. «БРК-Лизинг» лизинг нарығының құрылымындағы өнеркәсіп сегментін, әсіресе машина жасау және металлургия жабдықтары секторын қамтамасыз етеді. Өткен жылы компания жаңа бизнестің көлемін айтарлықтай ұлғайтып, нарықтың негізгі драйверлерінің біріне айналды. Алайда бұл кезде жалпы қоржынның азайғаны байқалды.

«ҚазМедТех» ауруханалардың медициналық техника сатып алуын қаржыландырады. Лизингтік нарықтың бұл сегментін басқа нарық қатысушылары әзірше көп меңгере қойған жоқ. 2013 жылы компанияның лизингтік қоржыны екі есе өскеннен кейін 2014 жылы 70%-ға ұлғайды, бұған компанияның нарыққа жақында келгені де себеп.

Қазақстанның Үкіметі жоғарыда аталған мемлекеттік компаниялардан басқа Бизнесті қолдау мен дамытудың «Бизнес жол картасы 2020» бірыңғай бағдарламасының аясында сыйақы мөлшерлемін субсидиялау құралы арқылы, сондай-ақ кейін жеңілдікті талаптармен ШОБ субъектілерін қаржыландыру үшін жеке лизингтік компанияларға қаражатты орналастыратын «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы қаржылық лизингтің дамуына және оның қолжетімділігін арттыруға жәрдемдеседі. 2014 жылдың тамыз айындағы жағдай бойынша субсидиялау құралы құны 11,6 млрд. теңгені (62 млн. долларды) құрайтын 227 лизинг шартын қамтыды. «Даму» қоры қаражатының есебінен 8,1 млрд. теңге (44 млн. АҚШ доллары) мөлшерінде 294 кәсіпорын қаржыландырылды.

Сөйтіп артықшылықтарының арқасында Қазақстандағы қаржылық қызметтер нарығындағы лизингтің үлесі ұлғайып келеді. Лизинг берушілер қаржыландырылатын мәмілелердің санын көбейтсе, кәсіпкерлер көбінесе негізгі құралдарды сатып алған кезде лизингті қолданады. Негізгі қорлардың тозу деңгейі коэффициентінің жоғарылауы кәсіпкерлерді, сондай-ақ мемлекетті осы қаржы құралын кеңінен қолдануға итермелеуге тиіс.