Call-орталығы:

1408+7 800 080 18 90

 
Қалалық тел.:

+7 (727) 244 55 66

Қашықтықтан оқыту системасы

Қазақстанда «Мүгедектігі бар әйелдердің кәсіпкерлік дағдыларын дамыту» атты жалпықазақстандық жоба басталды

6 қазан 2016 ж., 15:32

«Даму» қоры мен «Шырақ» мүгедектігі бар әйелдер қауымдастығының біріккен жаңа жобасы Қазақстанда өткен аптада бастау алды. 26-27 қыркүйек күні «Шырақ» қауымдастығы 18 мүгедек әйелге арнап екі күнге созылған тренинг өткізді.

Екі күн ішінде қауымдастық тренерлері Ләззат Қалтаева, Захира Бегалиева, Татьяна Баклажанская және Мәлік Мұсабеков әйелдердің психологиялық бөгеттерін бұзып, бизнес-сауаттылығын арттырып, өзіне деген сенімін нығайтуға арналған арнайы әдісті қолдана отырып тұйыққа тірелу, масылдық синдромын жоюға қол ұшын беріп, көшбасшылық, көпшілікпен араласа білу, өзін және өзінің бизнес-жобасын таныстыра біліп, кәсіпкерлікпен айналысуға баулыды.

Мұнда жиналғандардың әрқайсысы мүгедектігіне байланысты бір кезде жұмысқа кіре алмаған жандар. Көпшілігі өз басынан кешкендерін айтып жатты.

«Мен бала кезімнен тәуелсіз болуға, біреуге бағынышты болмауға ұмтылдым. Бірақ мектеп қабырғасынан бастап, менің мақсаттарыма немқұрайды қарайтындарды көре келе, өз ойымның жүзеге асуы мүмкін емес-ау деген де ойға келетін болдым. Бұл тренинг менің көзімді ашты. Өзіме деген сенімімді күшейтті. Мен қолымнан бірдеңе келетінін ұқтым. Енді мен бизнес дегеннің не екенін біліп қана қоймай, оны жүзеге асыруға да шамам келеді. Енді мен іс бастауға қорықпаймын,-дейді жобаға қатысушылардың бірі Ирина Власенко.

Тренингтің екінші күні ұжымдағы көшбасшылыққа баулудан басталды. Қатысушылар көшбасшы болу деген не деген сұраққа өөз ойларын ортаға салды. Одан кейін қыздар екі топқа бөлініп, ұжым болып жұмыс істеуді, алдарына мақсат қойып, өздерін қамшылауды үйренді.

Оқу кәсіпкерлік психологиясы, бизнес-идеяны таңдау, ресурсты сараптама, бизнес-идеяларды жүзеге асыру, сала таңдау, мақсатты аудиторияны анықтау, тиміді коммуникациия дағдылары тақырыптары бойынша өтті.

Тренинг соңында қатысушылар сертификаттар алды.

Осыдан бірнеше күн бұрын 22-23 қыркүйек күндері Алматы облысы, Іле ауданы, Өтеген батыр кентінде 16 мүгедей әйелге арналып осындай оқу өткен болатын. Бүгінгі күні 24 нәзік жан білім алды.

Жоба аясында Қазақстанның 16 қаласында түрлі мүгедектік топтарындағы 180 әйелді оқыту жоспарланып отыр. Олардың ішінде 90 әйел бухгалтерлік есеп, call-орталық операторы, тігін, киім жөндеу, бизнес-жоспар жасау негіздері, кеңсе-менеджері секілді бағыттар бойынша кәсіпке оқытылады.