Call-орталығы:

1408+7 800 080 18 90

 
Қалалық тел.:

+7 (727) 244 55 66

Қашықтықтан оқыту системасы

«Бизнестің жол картасы-2020»

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы негізгі 3 бағыт бойынша жүзеге асырылады. Онда кәсіпкерлердің 3 млрд. теңгеден жылдық пайыздық мөлшерлемесі 12%-дан аспайтын жаңа және бұрыннан бар кредиттері қарастырылған. Ал кәсіпкер жобаның жалпы іске асырылу құнының 15%-нан төмен емес мөлшерде ақшалай немесе 25%-нан кем болмайтын мөлшерде мүлік түрінде жобаның іске асырылуына қатысуын қамтамасыз етуі тиіс.

Бірінші бағыт шеңберіндегі мемлекеттік қолдау кәсіпкерлерге банктер берген кредиттердің пайыздық мөлшерлемесінің белгілі бір бөлігіне субсидия беру, банктердің жаңадан беретін кредиттерін ішінара кепілдендіру және өндірістік (индустриялық) инфрақұрылымдарды дамыту, бизнес жүргізуге сервистік қолдау көрсету арқылы көрсетілетін болады. Бұдан өзге 2011 жылдан бастап кадрлар даярлау, жастар тәжірибесі және әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру шаралары атқарыла бастамақ. Банктер мен өңірлік үйлестіруші кеңестерге өз жобаларының өміршеңдігін дәлелдей алған кәсіпкерлердің жылдық пайыздық мөлшерлемесі 12 пайыздық кредит алуына мүмкіндік бар, ал мемлекет оның бір бөлігіне өтеусіз субсидия беру арқылы жеңілдік жасайды.

Кредит ауыртпалығын жеңілдету үшін, 12 пайыздық үстеменің 5% мемлекет, қалған 7% кәсіпкер өз міндетіне алады. Жаңа кредиттерден бөлек 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап жылдығы 12% жоғары мөлшерлемемен берілген қолда-ныстағы кредит үшін де субсидия алуға болады. Кепілдік ішінара беріледі. Кепіл-дік мөлшері кредит сомасының 50% аспауы керек, яғни бір жоба үшін 1,5 млрд. теңгеден көп болмауы қажет және тек жаңа кредит бойынша жүзеге асырылатын болады. Егер келешегі бар жоба болса, банк оны шартты түрде мақұлдаса, тек кепілге қойылатын заттың жетіспеушілігі ғана оның жағымсыз жағы болып табылатын болса, онда осы жобаны өңірлік үйлестіру кеңесі мақұлдағаннан кейін ғана кәсіпкер ішінара кепілдік алу үшін «Даму» қорына өтініш жасай алады.

Екінші бағыт бойынша кредиттік берешегі бар кәсіпкерлердің бұрын алған қарыздарының пайыздық мөлшерлемесіне ішінара субсидия беріліп, олардың сауықтырылуына жағдай жасалмақ. Яғни, субсидия борышкер- кәсіпкерлердің бұрынғы кредитінің пайыздық мөлшерлемесін төмендету үшін беріледі. Мемлекет осылай даму перспективалары айқын компанияларға кредит бойынша пайыздық мөлшерлемесінің белгілі бір бөлігін өтеп беру арқылы көмектесуге ниет білдіріп отыр. Осындай кәсіпкерлерге салық төлеу және бюджетке өзге де міндетті төлемдер бойынша өсімпұлы есептелместен мерзімін үш жылға дейін шегеру мүмкіншілігі беріледі. Бұл жерде тек жеке табыс салығын төлеуді шегеруге рұқсат етілмейді. Бұдан бөлек кәсіпорындарды сауықтыруға, оның ішінде Қазақстан қор биржасына орналастырылған облигациялар бойынша ішкі кредиторлар алдындағы берешектерді реттеу жөніндегі өзге де іс-шаралар қарастырылған.

Үшінші бағыт бойынша (шетке шығаруға бағдарланған өндірістерді қолдау) мемлекет өз өнімін шетке шығаратын кәсіпкерлердің кредиттері бойынша пайыздық мөлшерлемесінің 12%-ның 8%-на қаржылай көмек беретін болады. Яғни шетелге тауар шығарушы тек 4%-дық пайыздық мөлшерлемені ғана төлейді. Тау-кен өнеркәсібі, минералды шикізатты өңдеумен айналысатын металлургия өнеркәсібі кәсіпорындары және ірі салық төлеушілер тізбесіне кіретін салық төлеушілерден бөлек, экономиканың барлық секторында өндіретін өнімінің 10% астамын шетке шығарушы кәсіпкерлер бағдарламаның үшінші бағытының қатысушылары бола алады.

Банктер кредит беру немесе оның сыйақы мөлшерлемесін төмендету жөнінде шешім қабылдайды. Өңірлік үйлестіру кеңесі кәсіпкер кредитін субсидиялау немесе оған кепілдік беру мүмкіндігі туралы шешім қабылдайды және түпкілікті бекітілуі үшін Экономикалық даму және сауда министрлігіне жолдайды. «Даму» Қоры қаржы агентінің функциясын атқаратын болады. Ол: пайыздық мөлшерлеменің бөлігін субсидиялау үшін қаражатты банктерге аударумен, кредитке ішінара кепілдік берумен, сауықтыру процедураларына қатысу үшін борышкер-кәсіпорындарды іріктеу бойынша ұсыныстар әзірлеумен,

Бағдарламаның орындалуына мониторинг жүргізумен айналысатын болады.

Қазіргі «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 13 сәуірдегі № 301 қаулысымен бекітілген. Бағдарламаның іске асырылуы ұзақ мерзімді кезеңге жоспарланғанымен, 2010 жылы пилотты тәртіптемеде іске асырылуда. Сол себепті, нақты қолдау құралдарын жетілдіру мақсатымен бағдарламаның кейбір ережелері өзгертілуі мүмкін. Өзгертулер бағдарламаны нақты іске асыру барысында жинақталған тәжірибе мен туындаған қажеттіліктерге қарай енгізіледі.

Е.БАЯХМЕТОВ,

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамының Ақмола облысы бойынша аймақтық филиалының директоры.