Call-орталығы:

1408+7 800 080 18 90

 
Қалалық тел.:

+7 (727) 244 55 66

Қашықтықтан оқыту системасы

«Даму» қоры мүмкіндігі шектеулі жандарға да қолдау көрсетпек - БҚО

Орал қаласында тұратын бірінші топтағы мүгедек Ришат Жылқайдаров тігіншілік ісімен айналысады.

Жас жігіт көйлек-шалбардан бастап, сырт киімге дейін өзі пішіп, өзі тігеді. Осы кәсіппен айналысқан бес жылдың ішінде оның қолынан шыққан түрлі киім-кешекке тұрақты тапсырыс берушілердің қатары молая түскен. Былтыр екінші деңгейлі банктердің бірі өткізген акцияға қатысып, 4 тігін машинасын ұтып алған Ришаттың ендігі мақсаты шағын ателье ашып, өзі сияқты мүгедек жандарды жұмыспен қамту.

Ришат Жылқайдаров «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының «Даму-Көмек» бағдарламасының көмегіне де жүгінген екен. Айта кету керек, қордың 2009-2013 жылдарға арналған даму тұғырнамасы аясында биылдан бастап қолға алынған аталмыш бағдарлама мүмкіндігі шектеулі жандарды кәсіпкерлікпен айналысуға ынталандыру мен қашықтықтан оқыту арқылы мүгедек-кәсіпкерлердің біліктілігін арттыруды көздейді. Аймақтық филиал мамандары оралдық жас кәсіпкер туралы ақпаратты қордың веб-сайтына орналастырып, демеушілердің қолдау танытуын өтінген екен. Сайттағы мәліметті оқыған алматылық «ҚазҚұрылысӘйнек» ЖШС Ришаттың іскерлік жобасын қолдап, оған су жаңа тігін машинасын сыйға тартты.

Таяуда «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы мен «Даму» қорының аймақтық филиалының өкілдері тартуды салтанатты жағдайда Ришатқа табыстады. «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы төрағасының орынбасары Абат Шыныбеков партияның халықтық тұғырнамасында халықты әлеуметтік қорғауға, мүгедектерді оңалтуға басымдық берілгендігін айта келе, облыстағы мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыруға көмектесетіндіктерін жеткізді. Облыстық кәсіпкерлер қауымдастығының директоры Қайыржан Идиятов мүгедек-кәсіпкерлерді жыл басында «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының шеңберінде бөлінетін мақсатты қаржыға қол жеткізу үшін тендерге қатысуға шақырса, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының облыстағы өкілі Әлия Сәлиева шағын кәсіпті қолға алғысы келетін мүмкіндігі шектеулі жандарға жан-жақты көмек көрсетілетіндігін мәлім етті.

Батыс Қазақстанда 24 мыңға жуық мүгедек болса, соның 11500-і Орал қаласында немесе облыс орталығына жақын аудандарда тұрады. Оларды жұмыспен қамту мәселесі күн тәртібінен әзір түспек емес.