Call-орталығы:

1408+7 800 080 18 90

 
Қалалық тел.:

+7 (727) 244 55 66

Қашықтықтан оқыту системасы

Әлем тағдыры һәм әйел теңдiгi

Қазақстанның гендерлiк саясатқа қатысты ұстанымдары ЕҚЫҰ көзқарасымен үйлеседi

Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымында төрағалық етуі – демократиялық және экономикалық өзгерістерді жүргізуге бағытталған стратегиялық курсын одан әрі нығайтуға үлкен мүмкіндіктер беріп отыр.

Гүлшара Әбдіқалықова, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі – ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы

Биылғы 2010 жыл Қазақстан үшін ерекше кең ауқымды мазмұнды оқиғалармен толы болды. Біздің елдің ТМД, Азия және бүкіл әлемдегі түркітілдес қауымдастығының ішінен шыққан алғашқысы болып, сонау Атлантикадан Тынық мұхитына дейін жалғасқан 56 алпауыт мемлекеттің басын біріктіріп отырған беделді халықаралық ұйымға төрағалық етуі – барлық қазақстандықтар үшін мақтаныш және үлкен жауапкершілік. Бұл әрине халықаралық қауымдастықтың Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың саяси бағытын мойындап, қабылдауы.

«Көп біріксе – ел болар, көп тілегі көл болар» деген қазақта мақал бар, ел тұтас бір мақсатқа біріккенде алынбайтын қамал болған емес. Біріккен Ұлттар Ұйымының 37-ші сессиясының ұсыныстарын іске асыру шараларының орындалысы – мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылының арқасында Қазақстанның демократия принциптері мен адам құқықтарын қорғауды жақтайтыны осыған дәлел. Таяуда ғана, яғни 2010 жылғы 12 қазанда, Бүкілдүниежүзілік экономикалық форумның (үкіметтік емес ұйым) «Дүниежүзілік гендерлік ерекшелік – 2010» атты баяндамасында Қазақстан 4 көрсеткіш бойынша (экономикалық, білім, саяси, денсаулық және өмір сүру жылы ұзақтығы жағынан) 134 мемлекеттің ішінде 41-ші орында екенін белгіледі. Алдымызда Cкандинавия елдері – Исландия, Норвегия, Финляндия тұр. Ең қызығы, біздің ел 14 Еуропалық ынтымақтастығының 14 елін озып өткен. Дәлірек айтсақ, Словения – 42-ші орын, Франция – 46-шы, Италия – 74-ші, Венгрия – 79-шы орында. Бұл жетістіктер әрине, Қазақстанның экономикалық жағдайының жақсаруына байланысты, ағымдағы жылдың 8 айында экономикалық өсім 7,5 пайыз құрады.

Елімізде гендерлік саясат Үкіметіміз қол қойған халықаралық актілері мен құжаттары, мәселен, БҰҰ-ның әйелдерді кемсітуге арналған кез-келген зорлық түріне қарсы қабылданған Конвенциясын, «Әйелдердің саяси құқығы» туралы заңды, тағы да басқа құжаттары негізінде іске асырылуда. Үкімет қаулысымен «Қазақстан Республикасы әйелдерінің жағдайын жақсартуға арналған Жоспар» бекітілді. Сондай-ақ, Гендерлік саясат тұжырымдамасы әзірленіп, басшылыққа алынды. Біздің мемлекетіміздің тарихында алғашқы рет Гендерлік теңдік стратегиясы қабылданып, ел билігінің әйелдердің жағдайын жақсартуға деген саяси ерік білдіруін аңғартты және мемлекетіміздің әлеуметтік саясатында жаңа белесті ашты. Бүгінде мұндай стратегиялық құжатқа аздаған мемлекеттер ғана ие.

Халыққа гендерлік саясатты кеңінен түсіндіру шараларын жүргізу жұмыстарының нәтиже бере бастағанын да айта кеткен жөн. Бұл саясат халыққа біршама түсіндірілді. Әрине, Қазақстан дүниежүзілік қауымдастыққа еніп отырғандықтан бұл да бір маңызды бағыттардың бірі болды. Елімізде әйелдер қауымына деген қамқорлық пен көмек мемлекетіміздің қолдауымен ұдайы жасалып келеді. Парламент Мәжілісі депутаттарының бастамасымен дайындалған «Ерлер мен әйелдердің тең мүмкіндіктері және тең құқықтарының мемлекеттік кепілдігі туралы» Заңының қабылдануы біздің қоғамымыздың әрмен қарайғы демократиялануының нақты көрінісі деуге болады.

Әйелдерді қоғамдық-саяси ортаға тарту мақсатында еліміздің барлық аймақтарынан 69 үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кірген. Әйелдердің көшбасшылығы мектебінің республикалық желісі де дүниеге келді. Павлодардағы «Серіктестік орталығы» қоғамдық қоры жанынан Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының әйелдеріне арналған аймақаралық «Көшбасшылар шеберханасы» ашылды. Бұл бастама өзінің алғашқы нәтижесін де бере бастады. Сонымен қатар, Қостанай облысының мәслихатында үкіметтік емес ұйымдар және жастармен жұмыс істейтін геңдерлік және отбасылық-демографиялық саясатты жүзеге асыру бойынша тұрақты комиссия кұрылды. Бүгінгі таңда шешім қабылдау деңгейіндегі әйелдер үлесінің 30 пайызын 2016 жылға дейін жеткізуді назарда ұстаймыз. Бұл ұлттық комиссия, мемлекеттік органдар, азаматтық қоғам институттары өкілдерінің нақты мақсаты. Осы орайда несие алудың жолдарын жеңілдетуді және оның берілетін көлемін арттыруды көздеген «Шағын несиелік ұйымдар туралы» Заңға өзгерістер енгізілді. Әйелдерді шағын және орта кәсіпкерлікке тарту шараларының нәтижесінде олардың кәсіпкерлер арасындағы үлесі 40 пайызға жетті. Сондай-ақ, Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасына сәйкес, шағын және орта бизнесті қолдауға 120 млрд. теңге бөлінгені белгілі. Елбасының 2009 жылғы 5 наурызда өткен әйелдердің V форумындағы тапсырмасы бойынша осы қаражаттың бір бөлігі әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға бағытталды. Осы мақсатта «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ директорлар кеңесі тарапынан 2009-2015 жылдар аралығында әйелдер кәсіпкерлігін шағын несиемен қамтамасыз етуге арналған қаражаттарын екінші деңгейлі банктерге орналастыру бағдарламасы дайындалып, бекітілді. Биылғы жылы 450 млн. теңге бөлу қарастырылған.

Тағы бір өзекті мәселелердің бірі – ана мен бала денсаулығын қорғау. 2009 жылы қыркүйектің 18-інде қабылданған Қазақстан Республикасының халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодексінде жоғарғы және бірінші сұрыпты астық ұнының құрамын темір және басқа да минералдармен міндетті фортификациялау қарастырылған. Жедел жүріп жатқан әлемдегі жаһандану үрдісі қоғамдағы зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелерін өткір қойып отыр. Қазақстанда бұл бағыттағы жұмыстарға ерекше назар аударылуда. 1999 жылы ел Президентінің бастамасымен ішкі істер органдарының құрамында, аудандық деңгейге дейін әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бойынша арнайы бөлімшелер құрылған болатын. Қазақстан бұрынғы кеңестік аумақта осындай бөлімше құрған жалғыз мемлекет болып табылады. Олардың негізгі міндеті – конституциялық құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ету, заңға қарсы іс-әрекеттерден әйелдердің бостандығы мен заңды қызығушылықтарын қорғау. Өткен жылдың соңында «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» Заңы қабылданды. Бұл заң бойынша қылмыстық әкімшілік және азаматтық заңнамаларда тұрмыстық зорлық-зомбылықты саралауға мүмкіндік тумақ. Ең бастысы, бұл заңда отбасында зорлық-зомбылықтың қайталануына жол берілмеуі қарастырылған. Қазіргі уақытта елімізде әйелдердің құқығын қорғайтын 21 дағдарыс орталықтары жұмыс істейді. Оның ішінде 13-інің жұмысы жергілікті бюджет арқылы ұйымдастырылған.

Гендерлік теңдік және отбасылық-демографиялық мәселелеріне байланысты шараларда үкіметтік емес ұйымдар маңызды рөл атқарады. Жыл өткен сайын осы бағытта олардың әлеуметтік маңызды жобаларын қаржыландыру көлемі молайып келеді. Мысалы, 2005 жылы осы мақсатқа 1,5 млн. теңге бөлінсе, 2008 жылы 20 млн., ал 2009 жылы 40 млн. теңгеге жуық қаржы жұмсалған.

Тиімді де нәтижелі тығыз байланыстағы жұмыс бүгінгі таңда БҰҰ, ЮНИФЕМ, ЮНИСЕФ, ХЕҰ сияқты халықаралық ұйымдармен бір жүйеге қойылған. Мысалы, БҰҰ-мен бірлескен «Қазақстан Республикасында гендерлік теңдікті қамтамасыз ету шараларын толық жетілдіруде Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясын қолдау» жобасын жүзеге асыруға 600 мың доллар жоспарланса, оның 300 мың доллары мемлекеттік бюджеттен қарастырылған.

Осы айтылған әңгіменің барлығы Қазақстан Республикасында гендерлік және отбасылық-демографиялық саясаттың жүйелі және талапқа сай жүргізіліп отырғанын тағы бір мәрте дәлелдейді.