Call-орталығы:

1408+7 800 080 18 90

 
Қалалық тел.:

+7 (727) 244 55 66

Қашықтықтан оқыту системасы

Бізге мемлекетшілдер керек

Өткен жексенбі күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Үкіметте сайлаудан кейін жаңадан жасақталып, толыққанды қалыптасып біткен барлық деңгейдегі лауазым иелері бас қосып, жаңа құрамдағы алғашқы алқалы мәжілісін өткізді. Парламент депутаттары, Конституциялық Кеңес мүшелері, Министрлер Кабинеті, «Самұрық-Қазына» қорының басшылары, сондай ақ Президентке тікелей бағынатын, есеп беретін орган жетекшілері, облыстар мен Астана және Алматы қалаларының әкімдері, «Нұр Отан» партиясының басшылары, Президент Әкімшілігі мен Премьер кеңсесінің қызметкерлері қатысқан сол жиында Елбасы құрамы жаңарған атқарушы билікке ел дамуының алдағы кезеңіне қатысты нақты тапсырмалар жүктеп, жаңа міндеттерді айқындап берді.

Сөз басында Елбасы ағымдағы жылдың айрықша кезеңіне тоқтала отырып, ең ал­дымен жақында өткен Президент сайла­уында жұртшылық бірліктің теңдесі жоқ ғажайып үлгісін көрсеткенін, билікке зор сенім артылғанын еске салды. Сайлаудан әлдеқайда бұрын бағдарланып, ендігі күні елдің етенесіне айналған стратегияларға назар аудартып, мұның барлығы дағдарыс­тан кейінгі дамуды қамтамасыз ететін ша­ра­лар екендігін айтты. Яғни қазіргі таңда ел дамуын қамтамасыз ететін орта және ұзақ мерзімді стратегия айқын. Ендеше, ал­дағы ауқымды міндет – осы бағдарды же­місті ету. Бұған биліктің қауқары жетер­лік. Бағдар айқын, оны игеру үшін ресурс­тар бөлінді. Осы жайында ойын ашып айтқан Нұрсұлтан Әбішұлы: «Біз сайлаудан кейін жедел тәртіппен Үкіметті қалыптас­тыр­дық, бұған дейінгі жұмысын оң бағалай оты­рып, осы Үкіметтің негізгі ядросын сақ­тап қалдық. Менің ойымша, бүгінгі атқару­шы билік дағдарыс кезінде үлкен тәжірибе жинақтады, болашақтың бағдарламасын әзірледі. Сондықтан алдағы стратегия осы Үкіметпен жемісті жүзеге асады деп сенемін», – деді. Айтпақшы, Үкіметтің бір­шама жаңарған тұсын айта кетсек, алты жа­ңа министр, бір жаңа облыс әкімі та­ға­йын­далды. Жаңа құрамға жүктеген мін­дет­терге келсек, Президент 2016 жылға қарай жан басына шаққанда ЖІӨ кемінде 15 мың долларға жетуі тиістігін бұған дейін де ме­же­леген. Ал оны бағындыру үшін эко­но­ми­кадағы жыл сайынғы өсім кемінде 7 па­йыз­ды көрсетуі керек. «Сондықтан сіз­дер­­ден ашық, әділ, өнімді жұмыс күтемін. Үкі­меттің, барлық мемлекеттік органдар­дың басты міндеті – халқымыздың әл-ауқатын жақсартуды қамтамасыз ету. Біз орташа табысы бар ел ретінде қалыптастық. Енді таяу бесжылдықта табысы жоғары деңгейлі елдер тобына енуіміз қажет», – деді Мемлекет басшысы. Орта мерзімдік болжам бойынша ел экономикасының шикізаттық секторы алдағы уақытта жыл сайынғы 4 пайыздық өсімді қамтиды. Осы­ған орай, Президент Үкімет пен әкім­дер алдына қойып отырған міндеті – жыл сайын экономиканың басқа бөлігінің өсімін қо­сымша 3 пайызға арттыру. «Бұған әлеуе­тіміз жеткілікті. Мен оны шешудің басты үш арнасын көріп отырмын. Бұлар: бірінші – ішкі һәм сыртқы бағытта инвестиция тарту, екінші – инновация енгізу, үшінші – мем­лекеттік һәм қоғамдық институттардың тиім­ділігін арттыру», – деп түйіндеген Ел­басы осы негізгі үш бағытта атқарылуы тиіс міндеттерге назар аудартты.

Инвестиция – болашақтың басымдығы

Инвестиция сұранып тұрған салаларға келсек, ең алдымен, Елбасы ауыл шаруа­шылығы саласын атады. «Әлемде азық-түлікке сұраныс көп. Адам саны, тұтыну көрсеткіші өсуде. Құрғақшылық та жағадан алып тұр. Әрине, бұл бізге, көршілерімізге де ықпал етеді. Алайда Қазақстан осы тұстан пайда таба алады. Инвестиция өнім мен оны өңдеу саласын арттыруға қажет», – деді Елбасы. Яғни сұраныс бар уақ­та мүмкіндікті қолдан шығармау керек. Осыған орай Н.Назарбаев аграрлық на­рықты Қазақстанның ең басымға ие саласы ретінде атады. Инвестиция үшін тағы бір әлеуетті сала – көлік және коммуникация. 2016 жылға қарай Қазақстан өңірдің сау­да, логистикалық және іскерлік орталығына ай­налуы тиіс. Еуропа мен Азия арасындағы кө­пір болып табылатын Қазақстан арқылы ха­л­ықаралық жүк тасымалдау бюджетке мол кіріс әкелетіні түсінікті. Сондықтан да Елбасы жол бойындағы жемқорлықтан ада, қауіпсіз және жайлы жаңа Жібек жо­лын құру қажеттігін ескертті. «Елдің шығы­сындағы – Қорғас, батысындағы Ақтау айлағы шынайы экономикалық аймаққа, яғни елдің ашық қақпасына айналуы керек. Үкімет еркін экономикалық аймақты дамытуды тежеу себептерін талдауы және жоюы тиіс», – деп қорытты Президент. Сондай-ақ туристік кластерді дамыту да инвестицияға ашық. Тек ілкі тәжірибелер жетіспей жатқаны, сондықтан әлемдік деңгейдегі тәжірибелер сарапталып, сал­мақталуы тиістігіне назар аударылды. Жаңа министрге осы бағыттағы ұсыныстар үшін үш ай уақыт беріледі. Айтпақшы, Нұрсұлтан Әбішұлы инвестиция бойынша ба­сым міндетті жүктеген алғашқы үш сала­ның басшылары да жаңадан тағайындалған.
Ұлттық геологиялық компания мен Атом энергетикасы агенттігі құрылады

Өз сөзінде Президент минералдық шикі­заттық базаны кеңейту үшін геология саласын толыққанды жаңғырту керектігіне ерекше көңіл бөлді. «Біз әзірше бір кездері аға ұрпақтың көмегімен ашылған жер қойнауының пайдалы қазбаларын игеріп келеміз. Қазақстанның жері, оның қойна­уын­дағы байлығы жете зерттелмеген. Жұмыс істеп тұрғанның бәрі ұсақ-түйек әрі иге­рілуі тиіс саланың 10 пайызына жетпей­ді. Сондықтан бюджеттік қаржыландыруды есептеп, саладағы жекеменшік әріптестікті да­мыту қажет. Ұлттық геологиялық компа­ния құрылуы шарт, ол «Самұрық-Қазына» ұлттық қоры ауқымында жұмыс істейтін бол­сын», – деді Н.Назарбаев. Бұдан бөлек, ел­дегі әлеуетті саланың бірі Атом энерге­ти­касын дамытуға да баса назар аудары­лады. Мәселен, бүгінгі күні саланың жоға­ры технологиялық дамуын қамтамасыз ету үшін Атом энергетикасы агенттігін құру мәселесі қарастырылып жатыр. «Бәлкім, мұны «ҚазАтомӨнеркәсіп» АҚ-ыға жүктеп, соның шеңберінде жүзеге асырармыз не­месе сол кәсіпорыннан бөлек агенттік ретінде құрармыз. Бірақ ең бастысы, осы саламен түбегейлі айналысуымыз керек», – деді Президент.

Қазақстан әлемдік деңгейдегі білім орталығына айналады

«Саналы стратегиясы қалыптасқан, болашаққа бағдары айқын барлық ел инновацияны енгізудің жарысына түсіп отыр. Қазақстан да мұндай үдерістен тыс қал­мақ емес. Әйтсе де «үлкен мемле­кет­тердің мүмкіндігі де үлкен». Алайда біз үнемі солардың соңынан қуып жүрмеуге тиіспіз. Өз проблемаларымызды салмақты, әлемдік деңгейде атқарылып жатқандар бойынша шешуге тиіспіз. Біз инновацияны жалпыұлттық басымдық деп жарияладық. Яғни бұл – болашақтың жолы. Алайда қо­ғам­да бұл туралы нақты түсінік жоқ», – де­ген Елбасы бұл бағытта не жұмыс істеу қа­жеттігін ашып айтты. Президенттің сөзінше, бар­ша қазақстандықтар индустрияландыру-инновацияландыру деген мәселені толық әрі жете түсінбейінше, жетістік тура­лы ойлаудың қажеті де шамалы. «Бұл ба­ғытта не істеу керек? Біз Қазақстанды әлем­дік деңгейдегі білім орталығына айналдыруға тиіспіз. Ең болмағанда, осыған ұмтылғанымыз орынды. Сондықтан да мен осы бағыттағы ілкі жоғары оқу орны – «Назарбаев университеті» бола алады деп ойлаймын. Бұл – Білім және ғылым ми­нистрлігінің ең басты әрі ең бірінші мін­деті», – деді Н.Назарбаев. Сөз арасында Ел­басы білім саласына қатысты мәселелерге тоқ­тала келе, орта білім сапасына да назар ау­дарды. Бүлдіршіндердің біліктілігін жас­тайынан шыңдау үшін 1-сыныптан бастап ағылшын тілі пәнін енгізуді тап­сырып, Үкіметке 2016 жылға дейін үштілді оқытуды енгізуді жүктеді. «Ағылшын тілін білу, бұл – сұраныс. Әйтпесе әлемдік ин­вестициямен, әлемдік технологиямен, әлемдік инновациямен қалай жұмыс істейміз? Онымен кім жұмыс істейді? Әри­не, тек солардың тілін білетін маман ғана жұ­мыс істейді. Сөйтсек қана бізді әлем мо­йын­дайды», – деді Елбасы. Орта білімнің орталықсыздануы, «Болашақ» түлегін жұмыспен қамту тетігін тиімділеу керектігі туралы да Президент өз пікірін білдіріп, нақ­ты тапсырмаларды айқындады. Прези­дент Әкімшілігіне Астанада, Шымкентте, Ақтөбе мен Алматыда әлемдік деңгейдегі колледж­дер салу туралы тапсырманың орындалуын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
Экономика министрлігі стратегиялық, орта мерзімді даму жұмысын үйлестіретін болады

Мемлекеттік және қоғамдық институт­тардың тиімділігін арттыру мәселесіне ар­на­ған сөзінде Елбасы алдымен Тәуелсіз­діктен бергі тәжірибеге үңілу қажеттігін қоз­ғады. Соған сүйенсек, Қазақстанның стра­тегиялық жоспарының үш базалық шарты мыналардан тұрады: мықты мем­лекет, тиімді мемлекеттік саясат, білікті кадрлар. «Осы бағытта мемлекеттік басқа­ру жүйесін жетілдіруге бағытталған бірқа­тар жарлықтарға қол қойдым. Экономи­калық даму және сауда министрлігіне бәсе­келестікті қорғау саясаты, монополия­лық қызметті шектеу, тарифтік, салықтық, кедендік саясаттар беріледі. Өңірлік даму мен кәсіпкерлікті қолдауды үйлестіру функциялары күшейтіледі», – деді Президент. Сонымен қатар Ұлттық банкке қаржылық қадағалау, қаржы нарығын реттеу, Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығын дамыту функциялары жүктелетінін еске салды. «Бұл шаралар стратегиялық-эконо­микалық жоспарлаудың өзара байланысын күшейтеді және мемлекеттің экономикалық саясатын реттейді», – деді Н.Назарбаев.

«Самұрық-Қазына» құрамындағы даму институттарын тиісті министрліктер басқарады

Жаһандық дағдарысқа қарсы шаралар­ды жемісті атқарған «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына да жүктелген жаңа міндеттер баршылық. Мәселен, ендігі күні қор жаһандық қаржылық күйзеліс кезінде ие­ленген банк активтерінің барлығын Ұлт­тық банкке береді. Ал қор қарамағындағы даму институттарын тиісті министрліктер басқаруы тиіс. Мысалы, Экономикалық даму және сауда министрлігіне орта биз­нес­пен айналысатын «Даму» қоры беріле­ді. Ал Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне «Қазына-Капитал» қорын қоса алғанда, Даму банкілерінің тобы беріледі. «Қор ендігі күні өз құрылымына кіретін ұлттық компанияларды тиімді кор­поративтік басқаруға назар аударуы керек. Оның Директорлар кеңесі жаңа басшы ретінде Т.Құлыбаевты тағайындады. Ол қор­дың құрылу уақытындағы міндеттері мен қызметтерін қайтарып, «ұлттық чем­пиондарды» өсіруі керек», – деп шегелеп айт­ты Елбасы.

Бизнеске, іскерлерге толық еркіндік берілуі шарт

«Мен әлі күнге кәсіпкерлерден шағым­дар алып келемін. Мемлекеттік қолдау көпшілік бизнесмендер үшін «қол жетпес Гималай» болып қалуда. Шенеуніктер тарапынан жөнсіз кедергілер әлі тыйылмай отыр», – деді Мемлекет басшысы. Бұл рет­те Елбасы Премьер мен экономикалық даму және сауда министріне бір айдың ішінде бизнеске, іскер адамдарға толық еркіндік беретін шешімді қабылдауды тапсырып, осы мәселені шешуге бағыттал­ған кез келген ұсынысты қолдауға әзір екен­дігін танытты.

Кадр саясаты

Алдағы ауқымды міндеттің бір парасы – кадрлық саясат. «Естеріңізде болса, біздің Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары мен біздің бастамаларымызды кімнің жалғас­ты­ратынын, мұраттарымызды өмірге енді­ретін кімдер екендігін ойлаумен болдым. Сон­дықтан да баршаңызға белгілі қадам­дар жасалды. Ал біздің әкімдер мен министр­лер бұл бағытта нақты не атқарып жа­тыр? Неге өңірлерде басқарудың жаңа тол­қынын әзірлеу жүзеге асырылмайды? Неге сіздер тек өздеріңіздің корпоративтік мүдделеріңізді қорғайтындарға, туыста­рыңызға сенім білдіресіздер? Мен, әрине, бұған қарсы емеспін, жұмыс ыңғайлы бо­лып, өздеріңіз сенетін адамдар істеулері керек. Алайда олар да сенімнен шығулары керек қой. Ал жаңағыдай таңдау қағида­ты­мен жұмыс істеу, ең бірінші, өздеріңізге қиын», – деген Елбасы командалық ауысу­лар­ды сынға алды. «Әкім бір облысқа кел­ген­де не істейді? Ол жергілікті кадрлармен айна­лыс­пайды, өзімен бірге «командасын» ертіп келеді. Мұнда резервпен ешқандай да жұмыс істеліп жатқан жоқ. Әрине, ре­зерв бар, бірақ одан ешкім қызметке алын­бай­ды. Сондықтан да қызмет ауыстырғанда жа­нындағылармен қотарыла көшпей, жер­гілікті кадрлармен жұмыс істеу керек. Біз аса талантты, перспективалы, мемлекет­шіл­дік идеяға берік, жоғары білікті кадр­лық резервті жасақтауымыз керек. Яғни бізге мемлекетшілдер керек. Бұл шаруа ең бірінші кезектегі және ұзақ мерзімді сипат алуы шарт. Жаңа толқын бойынша кадрлық резервке қатысты қамқорлық жоқ. Спорт­тық терминология бойынша айтсақ, «қосалқы ойыншыларыңыздан» ешкім де жоқ», – деді Н.Назарбаев.

Сөйтіп, жаңа құраммен жиынға қа­тыс­қандар басқосудан өз саласына қа­тысты ауқымды міндетті арқалап шықты. Сөз соңында Президент халықтың қолда­уын ақтау үшін көп шаралар атқарылаты­нын тағы бір мәрте еске салып, айтылған сөз, жүктелген міндет «осы орында» қалмауы тиістігін баса ескертті. Ең аяғында Үкіметба­сы Кәрім Мәсімов алға қойылған міндет­тер­дің өте-мөте маңызды екендігін айтып, бы­лай деді : «Сізге берілген сенім мандаты және сіз атқарушы билікке берген тапсыр­ма­лар, бұл біздің алды­мызға өте жоғары талап­тар қояды. Мен осы залда отырған­дар­дың атынан ол міндеттер қатаң бақы­лау­ға алынатынына сізді сендіргім келеді. Қа­зақстанның Тәуелсіздігінің 20 жылдығы­на орай бүгін алға қойған міндеттер де орындалатын болады. Біз сіздің алдыңызда есеп бе­реміз».