Call-орталығы:

1408+7 800 080 18 90

 
Қалалық тел.:

+7 (727) 244 55 66

Қашықтықтан оқыту системасы

Маңғыстау облысы еліміздегі бизнеске мемлекеттік қолдау көрсету бойынша жетінші орынға табан тіреді

19 қыркүйек 2011 ж., 12:11

Ағымдағы жылғы қыркүйектің 16-сы күні «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ы Маңғыстау облысы әкімшілігімен бірлесіп Ақтау қаласында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асырудың аралық нәтижесі» атты семинар-кеңес ұйымдастырды.

«Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы - Елбасы тапсырмасымен бүгінгі таңда жүзеге асып жатқан экономиканы диверсификациялау және елімізді индустрияландыру жолындағы кәсіпкерлікті мемлекет тарапынан қолдаудың лайықты және тиімді құралы ретінде танылды.

Басқосу барысында маңғыстаулық кәсіпкерлер бір арада топтасқан Бағдарламаны жүзеге асыруға қатысы бар барлық мекеме өкілдерінен («Даму» қоры, Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, екінші деңгейлі банктер) «Бизнестің жол картасы -2020» бойынша ауқымды ақпарат және қажетті кеңестер алып, сонымен қатар, өздеріне несиелеу жүйесі ыңғайлы талаптарға ие банктерді таңдау мүмкіндігіне ие болды. Сондай-ақ осы жиында Маңғыстау облысының кәсіпкерлері көкейлерінде жүрген іскерлік байланыстарды арттыруға және тұтыну нарығының аумағын кеңейтуге, әрі бизнеске қызмет көрсетудің қолдауына бағытталған сұрақтарына да жауап тапты.

Жиын барысында баяндама жасаған «Даму» қорының Басқарма Төрайымы Ләззәт Ибрагимова Маңғыстау өңірінде шағын және орта кәсіпкерліктің соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқанын айтып, бүгінгі таңда бұл өңірдегі аталмыш саладағы көрсеткіштері еліміз бойынша жетінші орында тұрғанын тілге тиек етті. Сонымен қатар Л.Ибрагимова маңғыстаулық кәсіпкерлерді толғандырып жүрген көкейкесті сауалдарына жауап берді. Осы кеңес барысында «Даму» қоры, екінші деңгейлі банктер және кәсіпкерлер арасында 4 жоба бойынша субсидия келісім-шартына қол қойылды. Жалпы сомасы 3 млрд. 395 млн. теңгені құрайтын бұл келісім-шартқа қол қойған «Таможиникова» ЖК, «ТеңізСервис» ЖШС, «КапРемСервис» ЖШС, «Бриз Маңғыстау» ЖШС сынды кәсіпорындар ендігі кезекте толыққанды іске кіріспек. Осы компанияларды қоса есептегенде, бүгінгі таңда 19 жоба өңірлік үйлестіру кеңесінде мақұлданған болатын. Қордың Басқарма Төрайымы Л.Ибрагимованың пікірінше, бұл өңірдегі мақұлданған жобалардың басым бөлігі мұнай және газ өндірісі саласына қызмет көрсетуге, медицина және фармацевтика, тамақ және өңдеу өндірісі салаларына бағытталған.

 

Сондай-ақ семинар-кеңес барысында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының жеткен жетістіктеріне лайықты үлес қосып жүрген азаматтар алғыс хаттармен марапатталды. Олардың қатарында өңірдегі банк өкілдіктерінің жетекшілері, Қордың аймақтық бөлімшесінің жұмысын насихаттап жүрген тілшілер және жергілікті басқару органдарының өкілдері бар.

Дәл осы күні, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры республикалық және аймақтық бұқаралық ақпарат өкілдеріне арнап «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында мемлекеттің қолдауына ие болған кәсіпорындардың өндірістік нысандары бойынша пресс-тур ұйымдастырды. Бұл шара аясында тілшілер Ақтау қаласында орналасқан, қазіргі таңда «Даму» қоры тарапынан қолдау көрсетіліп отырған 4 кәсіпорынның жұмыстарымен танысты. Солардың бірі, «ҚазАзот» ЖШС-і. «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасының үшінші бағытын жүзеге асыру аясында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының Маңғыстау аймақтық бөлімшесі, «Ресей жинақ банкі» АҚ ЕБ-нің Ақтау қаласындағы филиалы және «КазАзот» ЖШС-нің арасында былтырғы жылы субсидия келісім-шарты жасалған болатын.

 

«ҚазАзот» ЖШС-і қолға алған жобасы ауылшаруашылығы саласында аса қажетті аммиак селитрасы және өзге де химиялық тыңайтқыштарды өндіруге және оларды экспортқа шығаруға бағытталған. Маңғыстау облысында аммиак селитрасын экспортқа шығаратын бірегей мекеме. Кәсіпорынды мемлекеттік қаржылық қолдау банк несиесінің пайыздық үстемесін субсидиялау түрінде көрсетілуде. Осылайша, кәсіпорын несиенің 6 пайызын өзі төлейді де, ал қалған 8 пайызын мемлекет «Даму» қоры арқылы 3 жылға қайтарымсыз негізде субсидиялайды. «ҚазАзот» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1965-70 жылдар аралығында салынған Каспий маңы тау-металлургиялық комбинатының химиялық кешені негізінде құрылған.

Ал «РИГ» ЖШС-і және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның Маңғыстау аймақтық филиалы, «Ресей жинақ банкі» АҚ ЕБ-нің Ақтау қаласындағы бөлімшесі арасында 266 млн. теңге көлемінде субсидияға келісім-шарт жасалған. «РИГ» ЖШС-нің «Орта қуатты электр өнімдерін жинақтау және өндіру цехының жұмысын бастау» жобасы 2011 жылдың 22-ші сәуірінде Маңғыстау облысының аймақтық үйлестіру кеңесінде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша мақұлданды. Аталған жоба аясында «РИГ» ЖШС-і электр қуатын үнемдейтін өнімдерді шығаруды қолға алған. 1993 жылы өз қызметін бастаған «РИГ» ЖШС-і тек Қазақстанда ғана емес, ТМД және жақын шетелдерде де жақсы қырынан танылған.

Бүгінгі таңда компания энерготехникалық өнімдерді тасымалдауға және энергетикалық нысандарды салуға деген негізгі көзқарасты біріктіріп, қызмет көрсетудің бірқатар түрлерін ұсынады. Компания 1993 жылдан бастаған электротехникалық құралдарын және құрылыс индустриясының өнімдерін тасымалдау аясында зор тәжірибе жинақтап және сенімді серіктес атағына иеленді. Кәсіпорынның еңбек жолындағы жетістіктеріне көз жүгіртсек, электр құрылғыларды монтаждау үшін қажетті 110/35/10(6)кВ-тық трансформаторлық подстанция кешендерін және электр қуатын реттеу бекеттерін, (РУ, КРУН) 10(6)кВ, 10(6)кВ-тық трансформаторлық кешендерін жобалау, салу және оларға құрал-жабдықтар тасымалдау бағытында мол тәжірибе жинақтаған.

Өңірдегі тағы бір бірегей жоба «Медикал Фарм «Ча-кур» ЖШС-і инфузиялық ертінділерді өндіру бағытындағы зауыт құрлысы, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының бірінші бағыты - бизнестік жаңа бастамаларды қолдау бойынша мақұлданған жоба. Бұл өндірісті ұлғайтуын жетілдіруге немесе жаңасын дамытуға арналған жаңа жоба. Мемлекет 14 пайыздық несие үстемақысының жартысына субсидия жасайды. Қалған 7 пайызын кәсіпкер өзі төлейді. Сонымен қатар «Халық банкімен» жобаны қаржыландыруға «Даму» қоры қажетті соманың жартысын, 607 млн. теңге көлемінде кепілдеме берді, бұл Маңғыстау облысындағы бірінші кепілдеме. Жоба мақсаты - Қазақстан нарығындағы импортталатын инфузиялық ертінділерімен отандық өніммен алмастыру. Маңғыстау аумағында жаңадан фармацевтикалық зауыт салынып, мұнда барлық халықаралық талаптарға сәйкес келетін дайын түрдегі емдік таза құралдарын өндіру қолға алынбақ. Фармацевтикалық зауыт құрлысы Морпорт-Ақтау АЭА аумағында салынатын Ақтау қаласы үшін, тіпті жалпы Маңғыстау облысы бойынша әлеуметтік мәні бар жоба болып табылады. Осының нәтижесінде инвестиция тарту, екі жүз және одан да жоғары жұмыс орнының ашылуы, түрлі деңгейдегі бюджеттік түсімдерге қол жеткізілмек. Ақтау қаласындағы инфузиялық ертінді зауыт құрлысының жобасы «Даму» қорынан 607 млн.теңгеге кепілдеме және «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасының бірінші бағыты бойынша субсидия алды.

«Волна» Актау кондитерлік фабрикасы болса, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының Тұрақтандыру бағдарламасының қатысушысы және «Даму-аймақтар II» және «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламалары бойынша әлеуетті тұтынушы болып табылады.

«Волна» Актау кондитерлік фабрикасы» ЖШС 2001 жылы құрылған. Ал 2002 жылдың мамыр айынан бастап кондитерлік өнімдерді шығара бастады. Кәсіпорын құрылған кезде 30 түрлі өнім шығарса, бүгінгі таңда өнім түрлерінің саны 130-ға жетіп отыр. 01.10.2003 жылғы көрсеткішке сәйкес құны 32,9 млн. теңгелік 119 тонна өнім өндірілген. Ал 2010 жылы бұл көрсеткіш 4,8 есеге артқан. «Волна» Ақтау кондитерлік фабрикасы зефир, пастила, мармелад, драже, шығыс тәттілері, түрлі кәмпиттер, тәтті тоқаштар сынды кондитерлік өнімдерді шығаруға маманданған.

Кәсіпорынның өндіру саясаты - сапалы әрі қолжетімді, түрлі шикізаттарды қолдану және заманға сай дизайнда қапталған өнім өндіруге негізделген. Қазіргі уақытта фабриканың өндірістік үдерісі халықаралық сапа талаптарына сәйкестендірілген. «Волна» Ақтау кондитерлік фабрикасы ұлттық, халықаралық және аймақтық көрме-жәрмеңкелерге белсенді түрде қатысып, көптеген дипломдар мен марапаттарға ие.

Сонымен қатар «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры БАҚ өкілдерімен бірлесе отырып, қыркүйектің 17-сі күні облыстағы Жаңаөзен қаласындағы мемлекет тарапынан қолдауға ие болған «Мамаев» ЖК, «Жаңаөзен сүт зауыты» ЖШС және Жаңаөзен политехникалық колледжі сынды мекемелердің жұмысымен танысты. Қор өкілдері және тілшілер Маңғыстау өңірінде қолға алынып, мемлекет қамқорлығының игілігін көріп отырған кәсіпорындар жұмысына лайықты бағаларын беріп, оларға сәттілік тілеп тарасты.