Құрметті Ляззат Еркенқызы!
Мен Қызылорда облысы, Арал ауданы, Аманөткел ауылында тұрамын. 4 бала тәрбиелеп өсіріп отырмын. Жолдасым мектепте мұғалім.
Үй шаруасындағы әйелмін. Сіздің фондыңызбен және өмір жолыңызбен танысып үлкен әсерге бөлендім. Мен бизнеспен айналысқым келеді. Мен тұрған ауылда ауыл шаруашылығымен, саудамен айналысуға болады. Бірақ бәріне керегі - алдымен қаражат мәселесі. Сізден осы мәселеден көмек сұраймын.
Үлкен жетістіктерге жете беріңіз!
Орынбасарова Патшагүл
Құрметті Патшагүл!
Біз де Сіздің «Даму» Қорының жұмысына қызығушылық танытып, Қордың сайтына кіргеніңізге және сұрақ қойғаныңызға өте қуаныштымыз және сұрағыңызға төмендегідей жауап береміз:
Сіздің қойған сауалыңыздағы ақпаратқа қарап, Сіз әлі қандай да бір бизнестің түрімен шұғылдануға тоқталмаған сияқтысыз. Осыған байланысты, біз Сізге «Даму» қорының ұйымдастыруымен өтетін «Кәсіпкерліктің экспресс курсы» атты 2 күндік оқыту-тренингіне қатысуға шақырамыз. Бұл тренинг – өз бизнесін ашуға ниеттенген және кәсіпкер болсам деген адамдарға арналған.
Көбінесе, бір кәсіппен шұғылданғысы келетін адамның ойында көптеген бизнес-идеялар болады, Сіздің де ойыңызда көптеген бизнес-идеялар бар екенін байқап отырмыз. Бірақ сол бизнес-идеялардың ішінен қай бизнестің түрін ашу керек деген кезде, көп табыс әкелетін бизнестің түрін таңдап алу кімге де болса қиын екені бәрімізге мәлім. Көбінесе адамның ойына бірінші азық-түлік дүкенін ашу немесе басқа да бір тауарды сату арқылы саудамен айналысу деген сияқты идеялар келеді. Қандай да бір бизнестің түрін ашпас бұрын, бірінші болашақ кәсіпкер өз күші мен мүмкіндіктеріне баға беру арқылы және нарықты зерттеуден бастауы қажет. Міне, осындай қадамдық тәсілдер арқылы біз тренингте болашақта үлкен табыс әкелетін бизнес-идеяны таңдау, кәсіпкерлік психологиясына әзірлік жасау, өз бизнесіңіздің бизнес-жоспарын құру, оған маркетингтік жоспар жасау, қаржылық есебін және қызметкерлерді басқару тәсілдерін осы 2 күндік оқыту-тренингте тыңдаушыларымызға үйретеміз. Сондықтан да Сізге табысты кәсіпкер болу үшін, міндетті түрде біздің тренингке қатысуыңызды сұраймыз.
Сонымен қатар, Сіз «Даму» Қорының Қызылорда филиалына хабарласу арқылы «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасының аясында тегін таратылатын үлестірме материалдарды ала аласыз. Оның ішінде бизнестің көптеген түріне жазылған бизнес-жоспарлар үлгісі, маркетингтік зерттеулер үлгісі, технико-экономикалық негіздеме үлгісі және кәсіпкерге қажетті материалдары бар. Және «Даму» Қорының Қызылорда филиалынан ашылған «Кәсіпкерлікті қолдау орталығына» хабарласу арқылы да тегін кеңестерді ала аласыз.
Қаржылай қолдауға келетін болсақ, «Даму» Қоры бағдарламаларының барлығы бүгінгі таңда екінші деңгейлі банктер арқылы жүзеге асырылады. Яғни «Даму» Қорының қаражаты банкілерде орналастырылған, оны әрі қарай банкілер кәсіпкерлерге несие ретінде таратады немесе банк қаражаты есебінен алынған несиелерді «Даму» Қоры «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында пайыздық ставкасын субсидиялайды, кәсіпкердің кепіл мүлкі жетіспеген жағдайда несие сомасының 50 пайызына дейін кепілдеме береді. Осы айтылған мүмкіндіктерді пайдалану үшін, ең алдымен кәсіпкердің жобасы банкіден өтуі қажет, яғни банк кәсіпкердің жобасына несие беруге қарсы еместігі жөнінде шешім шығаруы қажет. Содан кейін барып, «Даму» Қоры несиеге кепілдеме беру немесе пайыздық үстемені субсидиялау туралы шешімін қабылдайтын болады. Сондықтан Сіз бірінші Қызылорда қаласында орналасқан банк филиалдарына хабарласуыңыз қажет.
Одан басқа қазіргі таңда «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы да жүзеге асырылуда. Осы бағдарлама бойынша толық ақпаратты аудандық жұмыспен қамту бөліміне хабарласу арқылы білуге болады.
Қызылорда облысындағы «Даму» Қорының аймақтық филиалының мекен-жайы: Қызылорда қаласы, Желтоқсан көшесі, н-сіз, облтелерадиокомпанияның жанында, тел. + 7 7242 26 44 76, толық ақпаратты менеджер Тобжанова Айнұрдан білуіңізге болады.



