Мүмкіндігі шектеулі екі ауыл тұрғыны «Даму-Көмек» бағдарламасы аясында тігін машинасын алды. Бірі көрпе-жастық тігеді, екіншісі аяқ киімнің сәнін келтіреді. Тозған техниканы жаңасына ауыстырып беру «Керамика» компаниясының үлесіне тиеді.
Ақтөбе «Даму-Көмек» бағдарламасы мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлер мен тұрғындарға көмек көрсетіп келеді. «Даму» қоры осы бағдарлама аясында кәсіпкерлер әлеміне алғаш қадам басып, қолда барын әрі қарай жетілдіруді қалайтын жандарға демеуші болып жүр. Мақсат — шағын және орта бизнесті дамыту, мүгедек жандардың мүмкіндігін арттыру. Қордың Ақтөбе облысы бойынша аймақтық филиалының ұйымдастыруымен Қарғалы ауданы, Бадамша ауылының тұрғыны Андрей Никитинге және Мұғалжар ауданы, Қандыағаш қаласының тұрғыны Жанша Еркешоваға өз кәсіпкерлік істерін одан әрі жетілдіру үшін демеушілік көмек көрсетілді. Андрей Никитин 3топ мүгедегі. Бадамша ауылында оның аяқ киім жөндеу шеберханасы бар. Бір әттегенайы, қолданыстағы құрал-жабдықтары ескірген, ал
сайманды сатып алуға қаржы тапшы. Көсіп иесі «Даму Көмектен» жана құрал сатып алуға қол ұшын беруді сұрап, өтініш білдірген. Аз уақыттан соң оған былғары тігуге арналған тігін машинасы және қайрауға арналған сайман сыйға берілді. Сондай-ақ оған қажетті құралдар мен бұйымдар сатып алу үшін ақшаны қолма-қол ұстатты.
Жанша Еркешова да 3топтағы мүгедек жан. Ол үйден көрпе тігіп, халыққа тігіншілік кызмет көрсетеді екен. «Даму Көмек» бағдарламасының көмегімен оған сан қырлы әдіспен тігетін «Toyota rsl 18» маркалы машинасы сыйға берілді. «Оларға «Керамика» акционерлік қоғамы демеушілік жасады. Бұл қыш тақтайшаларын шығаратын еліміздегі жалғыз кәсіпорын. Компания басшылығына «Даму-Көмек» бағдарламасы аясында мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлерге демеушілік көмек көрсеткені үшін арнайы алғыс хат табыс етілді», — дейді «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры аймақтық филиалының бас менеджері Берік Нұрғалиев.


