Алматыда шағын және орта бизнес субъектілері былтыр аймақтық жалпы ішік өнімнің 46 пайызын өндірді.
Бұл туралы бүгін «Ақпараттық технологиялар паркінде» өткен ІІ Инновациялық конвент кезінде айтылды.
«Алматыда 80 мың шағын және орта бизнес субъектісі белсенді жұмыс жасайды. 2011 жылы олар 1 триллион 950 миллион теңгенің өнімін өндірді. Онда әрбір екінші алматылық жұмыс жасайды», - деді «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ-ның Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова. Оның айтуынша, Алматы несиемен барынша қамтамасыз етілген аймақ. Республика бойынша несиенің 40 пайызы - Алматыда.
Л. Ибрагимованың сөзіне қарағанда, Даму қоры 1,5 жыл бұрын өңдеу өнеркәсіптерін қолдауға бағытталған «Даму-өндіріс» бағдарламасын іске асыра бастаған кезде, өзінің алдына 2011 жылдың аяғында 1 мың кәсіпкер мен 1 мың жобаның қатысуын қамтамасыз ету міндетін қойған. Міндет толығымен орындалды. Мақұлданған 1083 жобаның 760-сымен келісімге қол қойылып, оларға ақша төлене бастады.
«Өткен жылы қор, сондай-ақ 9,6 миллиард теңгенің субсидиясын берді. Бұл несие емес, мемлекеттің кәсіпкерлерге қайтарымсыз көмегі. Олар банктерден алған несиесінің мөлшерлемесін 14 пайызбен емес, 7 пайызбен төлеуге мүмкіндік алды. Соның нәтижесінде, мемлекет пайыздық мөлшерлеменің 56 пайызын өзі жауып отыр», - дейді «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ-ның Басқарма төрайымы.
Оның сөзіне қарағанда, аталмыш Қор субсидиялау бойынша Алматыда 53 келісімге қол қойды. Бұл келісімдердің 35-і жаңа бизнес, 17-сі компанияны сауықтыру, ал біреуі экспортты қолдауға бағытталған. Оларға төленген қаржының жалпы көлемі - 1 миллиард 330 миллион теңге.


