info@fund.kz +7 (800) 080 18 90 | 1408

Маңғыстауда мектеп формалары шығады

Жаңалықтар
14.08.2018

«Абдулаева Баян Базарбайқызы» ЖК ел нарығында 2005 жылдан бастап қызмет етіп келеді. Көрпе-жастық, құрақ құрауды жолға қойған. Кәсіпкер 2016 жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында өндірістік цехтың құрылысына қаражат алып, толық іске қосты. Тігін шеберханасы Мұнайлы ауданы, Басқұдық селосындағы өндірістік базада орналасқан.

Тігін өнеркәсібіндегі 30 жылдық тәжірибесі мен мол білімінің арқасында Абдуллаева Баян тігін өндірісін кеңейтіп, жаңа бағыт ашуға бел буады. 2017 жылдың соңында кәсіпорын «Қазақстан Халық Банкінен» 5 жылға 15%-дық мөлшерлемемен несие рәсімдеп, 7-15 жас аралығындағы оқушыларға арналған мектеп формасын тігетін өндірістік желі сатып алады. Үлгілерді жасау үшін компания Мәскеудің атақты конструкторлық бюросымен жұмыс істеп, барлық тігіншілер киім тігу курсынан өтті. Германия, Қытайдан заманауи өндірістік жабдықтар сатып алынды. Бұл жабдықтардың арқасында бір ауысымда 300 өнім шығаруға болады. Бағдарлама аясында Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен кәсіпкердің екі несиесі де жылына 10% мөлшерінде субсидияланды. Ал кепілдік жетпегендіктен «Даму» қоры банкке несие сомасының 13% мөлшерінде кепілдік берді. «Жаңа Серпін» жұмыспен қамту орталығының қолдауымен 15 адам тегін оқытлып, түрлі мамандықтарға ие болды (тігінші, кескіш және механик). Қазіргі кезде өндірісте 25 адам жұмыс істейді, оның 15-і жаңа желінің құлағын ұстаған. Бұл желі мектеп оқушыларына арналған әртүрлі киім үлгілерін әзірлеуде. 1 тамыздан бастап Ақтау қаласының 17-ауданында орналасқан «Жиһаз әлемі» дүкенінде мектеп формасы сатылымға шықты. Бүгін компания Қазақстанның көптеген өңірлерінен тапсырыс қабылдап жатыр. Кәсіпорын әрдайым заман талабына сай жаңарып, жаңа технологияларды игеріп, сапалы өнім шығару үшін жұмыс істейді. Шеберхананың кез-келген көлемдегі және арзан тауарлардан элиталық өнімдерге дейін өндіруге күші жетеді. Сондай-ақ, компания мемлекеттік ауқымда ұйымдастырылған түрлі көрмелерге қатысуда. Атап айтсақ, 2017 жылы өткен «Қазақстанда жасалған», 2018 жылы «Ұлттық өнім» көрмесіне тауарын алып барды.

 

aktau_kurak_bayan