В селе Таврическое модернизировано производство мебели

+7 (800) 080 18 90

info@fund.kz

Жаңалықтар
12.10.2018

Таврическое ауылында жиһаз цехы жаңартылды

«Ағаш шеберханасының жанынан өткенде, жоңқа мен жаңа тілінген тақтай аңқиды», - деп бір кезде Джанни Родари жазған болатын». Расымен де, Сергей Анатольевич Кучериннің жиһаз цехында «жаңа піскен» жиһаздардың мыңдаған хош иісі араласып, олардан ең күрделі қонақ бөлме, балалар бөлмесі, ас үй және жатын бөлме жиһаздарының түр-түрі туындайды. Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы, Таврическое ауылының ағаш ұстасы Сергей Кучерин 90-шы жылдары өзінің тапсырыс бойынша жиһаз жасау ісін кеңейту керек екенін түсінеді. Ойланбастан жұмыстан шықты. Бұл кезде өзіне клиенттері көп еді. Жиған қаржысына жұқа аралар, станоктар, қол ара секілді өндіріске қажет жабдықтар сатып алды. 1999 жылы жеке кәсіпкер ретінде тіркелді. Бәрі бар. Бірақ жиһаз жасайтын цех аумағы тарлық ете бастады. Бір әрекет жасау керек болды. Осы себепті, бизнестен түскен біраз қаржы Советская көшесі 54 мекенжайындағы балабақшаның бұрынғы ғимаратын сатып алуға жұмсалды. Кейіннен онда 1 753 шаршы метрлік толыққанды жиһаз цехы жұмыс істей бастады. Қысқа уақыт ішінде әр түрлі профильдегі корпусты жиһаз өндірісі пайда болды. Атап айтқанда: журнал қоятын үстелше, комод, төсек, ас үй, кіреберіс, балалар бөлмесі, жатын бөлме жиһаздары, кітап сөрелері, тумбочка, купе шкаф, компьютерлік үстел, оқу үстелі, киім-кешек үстелдері секілді өнім түрлері шығарыла бастады. Сауда көлемі туған ауылының шекарасынан асып, қазір Самара, Глубокое, Белоусовка ауылдары, Риддер, Шемонаиха және Серебрянск қалаларының жиһаз дүкендерінде де қойла бастады. Жатын бөлме гарнитураларын жасау барысында, матрастарды шеттен сатып алу - өзіндік құнын арттыратынын түсінді. Сондықтан 2002 жылы ол қосымша жабдық сатып алып, матрац цехын ашты. 2008 жыл. Сергей маңызды қадам жасауға шешім қабылдайды. Ендігі бағыт – Өскемен нарығына шығу болатын. Осы мақсатта әпкесі Кудрявцева Е.В. атына ЖК ашты. Осылайша, отбасылық бизнестің негізі қаланды. Өскемен нарығында жиһаз өндірісі саласындағы бәсеке өте жоғары. Сондықтан нарықтағы орнын тез және оңай тауып кетуге мүмкіндік аз. Алайда ол жоғарғы сапа мен арзан бағасына сенді. Есебі дұрыс шықты. Нәтижесінде облыс орталығының жиһаз дүкендерінен жаппай көтерме тапсырыстар түсе бастады. 2010 жыл - ЖК жұмысшыларының саны шектік деңгейден асып түсіп, Сергей жұбайының атына қосымша ЖК тіркейді. Осылайша, «Орхидея» ЖК пайда болады. Отбасылық бизнес қанат жая бастады. Тағы 4 жыл ішінде Сергей қолмен жиһаз жинаудың күні өткенін түсінді Үлкен тапсырыстар заманауи автоматтандырылған жабдықтарды қажет етеді. Бірақ, қажетті жабдықтардың толық тізімі бойынша шығындарды есептей келе, Сергей оған кемінде 50 000 000 теңге қажет деген қорытындыға келді. Бұл - өте үлкен сома. Осыған байланысты Банктен қарыз алу туралы шешім қабылданды. «Цеснабанк» АҚ-ның менеджері дереу Сергейге оған қолжетімді мемлекеттік қолдаудың барлық түрін пайдалануға ұсынды, өйткені қарызды қарастыру барысында Сергейдің несие бойынша жеткілікті кепілзаты екендігі анықталды. Сонымен, 2014 жылы Сергей «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 25 000 000 теңгені «Даму» Қорының кепілдігімен, жылдық 14 пайыздың 7%-ын субсидиялау арқылы алды. Өндірісті кеңейту барысында, Сергей қолданыстағы цехқа жапсарлас құрылыс салды. Енді жаңа заманауи жабдықтар жаңа цехта орналасады. Жалпы алғанда Кучерин С.А. ЖК–нің өндіріс аумағы 3 300 шаршы метрге дейін өседі. Бүгінгі таңда, Кучерин С.А. ЖК мен оған аффирленген барлық компанияларда 50-ден астам адам жұмыс істейді, Бағдарламаға енгізілген өзгертулерге байланысты, ол несие бойынша жылдық 4% төлейді. «K-Мебель» сауда белгісімен бүгінгі күні 200-ден астам өнім шығарылды, оның ішінде жиһаз, матрастар және тіпті пластикалық терезелербар. Бір айда бұл өндірісте ЛДСП мен МДФ-ның біршама вагоны өңделеді. Жеке сайты мен сатып алушылардың оң пікірлерінің арқасында, «K-Мебель» сауда белгісі бүгінгі күні өндіріс орны орналасқан Таврическое ауылынан тысқары жерлерде танымал.