Альтернативные источники энергии

+7 (800) 080 18 90

info@fund.kz

Жаңалықтар
11.01.2019

Балама энергия көздері

Адамзат жыл өткен сайын техникаға иек артып келеді. Тіпті заманауи техникасыз тұрмысты елестету мүмкін емес. Технологияның дамуы бір орында тұрмайды. Күннен күнге жинақы қалыпқа еніп, сапасы да артып, жаңа түрлері шығып жатыр. Демек, электр қуатын тұтыну көлемі де арта береді. Бұл - үлкен қалалардан алыс орналасқан елді мекендер мен ауылшаруашылық нысандарына да қатысты. Ал энергия тұтыну бағасы өсіп бара жатыр.

Бұл мәселенің ыңғайлы шешімдерінің бірі және негізгісі - энергияның балама көздері. Атап айтқанда - күн энергиясы.

Қарағанды облысының Саран қаласында күннен қуат алатын құрылғылар орнатып, қызмет көрсетумен айналысатын "INNOVATION TEX" компаниясы табысты жұмыс істеуде.

Олардың қызметін негізінен электр энергиясы жетпеген тұтынушылар пайдаланады. Сондай-ақ мемлекеттік және жеке кәсіпорындар да бар. Қазақстанның шалғай елдімекендеріне «балама жарық көзін» жеткізетін компания адамзаттың жаһандық мәселесі – энергоүнемдеуге де үлес қосады.

Күн батареяларын орнатуға арналған материалдар мен қосалқы бөлшектер қымбат болғандықтан, кәсіпорын қаржылық қиындықтарға тап болды. Бұл мәселе бизнесті қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы аясында сәтті шешілді.

2017 жылы компания бірінші рет «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Даму» қорының кепілдігін пайдаланып "ВТБ" банкі арқылы айналым қаражатын толықтыруға несие алып, пайыздық мөлшерлемесін субсидиялады.

Нақты қолдауды сезінген соң кәсіпорын 2018 жылдың басында үлкен сомаға жаңа несие алып, айналымын арттырып, келісімшарттар санын арттыра алды.

Компания болашақта күн батареялары мен жарықдиодты шамдары бар автономды кешендерді көптеп орнатып, балама энергия көздері саласын кеңейтуді көздеп отыр. Атап айтқанда, кәсіпорын күн сіулесімен су жылытқыш салуды жоспарлап отыр. Ол алдағы уақытта балабақшаларды, мектептерді, ауруханаларды және жеке тұрғындарды ыстық сумен қамтамасыз ете алады.