info@fund.kz +7 (800) 080 18 90 | 1408

Ерекше балалар үшін жарқын болашақ

Жаңалықтар
21.05.2019

Баланың бәрі бірдей. Тек әрқайсының өз даму ерекшелігі бар. Және кей балаларға сәл артық қамқорлық пен ерекше назар қажет...

«Ақ ниет» өңірлік бағдарламасы бойынша мемлекеттің қолдауымен Семей қаласында ашылған «Жарқын болашақ» орталығы аутизм және ауттық спектрі бұзылған балаларды оңалтуға маманданған.

IMG_20190521_102217.jpg

2015 жылы 3 бөлмелі пәтерді жалдаған шағын орталыққа кәсіпкер жан-тәнімен кірісіп, ғаламат қуат жұмсады. Соның өзінде мұнда бір мезгілде он шақты баламен ғана айналысуға мүмкіндік бар еді. Ал оңалтуды қажет ететін балалар көп. «Жарқын болашақ» орталығының өз логопеді, психологы және дефектологы ерекше балалармен тынымсыз жұмыс істеді және нәтижелері де керемет болды.

- «Ең алдымен айтарым, аутизм мен ауттық спектрдің бұзылуы - бұл бір қарағанда соншалықты қорқынышты диагноз емес. Сауатты оңалту тәсілін қолданса мұндай баланың мінез-құлқын түзеуге болады. Ең бастысы – оңтайлы сәтті өткізіп алмау. Бізге келгенге дейін сөйлей алмаған баланың орталықтағы тәрбиеден соң тілге келе бастағанын байқаған кезде осыны түсіндік», - дейді кәсіпкер Әлімжанова Арайлым Мағашқызы.

IMG_20190521_102302.jpg

Мұнымен қатар Арайлым қоғамдық қызметке де белсене араласады. 2015 жылы БҰҰ ДБ грантын жеңіп алып, Семей қаласының №4 жалпы орта білім беретін мектебінде түзету сыныптарын жабдықтайды, Азат Сембаевтың демеуші ретіндегі ұсынған қаражатына ерекше балаларға арналған ресурстық сынып ашылды. «Жарқын болашақ» орталығы да Арайлым 2015 жылы құрған «Особенный мир» қоғамдық қоры жобаларының бірі еді.

IMG-20190516-WA0025.jpg

«Ұзынқұлақ» жақсы жұмыс істеді. «Жарқын болашақ» тәрбиеленушілері саны бірнеше есе артты. Ал кәсіпкерге бірнеше рет көшуге тура келді. 2017 жылы мұндай көшпелі өмірден шаршаған кезде Арайлым өз ғимараты қажет екенін түсінді де несие алуға шешім қабылдады. Бірақ ол күтпеген проблемаға тап болды. Қолайлы ғимарат табу оңай емес немесе құнын қалтасы көтермейді. Бірнеше банкті аралап, орталыққа жарамды-ау деген талай коттеджді аралап шығуға тура келді. Дегенмен 800 ш.м. болатын 3 қабатты, қаланың дәл ортасындағы ғимаратты ақыры тапты.

Өте қолайлы, жылы, жайлы да кең бөлмелері бар ғимаратты «Қазақстан халық банкі» АҚ арқылы «Ақ ниет» өңірлік бағдарламасы бойынша 7 жылға 8,5%-бен сатып алды.

2018 жылдың 6 желтоқсанында «Жарқын болашақ» 3-13 жас аралығындағы балалар үшін есігін айқара ашты. Салтанатты рәсімге Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов қатысып, Арайлымға жұмыс ноутбугын сыйға тартты. Жаңа ғимаратта 60 ерекше баланы стационар жағдайында оңалтуға жабдықталған сыныптар бар. Мұнда психолог, логопед және дефектолог қызмет көрсетеді. Микрополяризация әдісімен емдеу, арнайы дене шынықтыру курстары өткізіледі.

IMG_20190521_102231.jpg

- Біз балалармен Денвер, Flortime, Теассһ бағытты мамандандырылған әдістемелер бойынша жұмыс істейміз. Олар даму ерекшеліктері бар балаларға әлеуметтік-тұрмыстық дағдыларды игеруге мүмкіндік береді. Ортаға қосылып, сенсорлық дамуына түрткі болады. Нәтижесі ата-аналардың күткенінен асып түседі. Біздің тәрбиеленушілеріміз кейін жалпыға білім беретін мектептерге барады және өзі құралптас балалармен бірге түзету сыныптарында сабақ оқиды. Аутистер үшін бұл - жаһандық серпіліс. Кәсіби көмексіз мұндай балалар мүгедектік алып, үйде отырады, - дейді орталық психологы Толқынбаева Гүлнар Ғапарғалиқызы.

Ерекше баланың өмірі оңай емес. Бірақ «Жарқын болашақ» орталығы қызметкерлерінің арқасында олардың көпшілігіне шын мәнінде жарқын болашақтың есігі ашылады. Орталық қызметкерлері үшін бұдан асқан марапат жоқ.