Күніңді «Октябрь» супермаркетінен баста

Жаңалықтар
09.09.2021

Қарағанды облысының Осакаров кентінде ауданы 2 200 шаршы метр болатын алғашқы супермаркет ашылды.

«Супермаркеттің артықшылығы - адамның жүріп-тұруына ыңғайлы алаң, жылдам қызмет көрсету, зал дизайнының эстетикалық әсемдігі және өнімдердің алуан түрі. Ал жартылай фабрикаттар мен нан-тоқаш өнімдерін өзіміз дайындаудың арқасында тұтынушылар үнемі жаңа піскен, дәмді тағамдар сатып ала алады»,-дейді «Евразия» ш/қ басшысы Сергей Естифеев.

Кәсіпкер «Октябрь» сауда үйінде супермаркет ашуды бұрыннан ойлап жүретін. Қолында бар қаражат аумақты кеңейтіп, ғимарат ішін жөндеуге және жабдық сатып алуға да жетуі керек еді. Алайда құрылыс аяқталғаннан кейін жабдық пен айналым қаражатына ақша жетпей қалды.

Сергей Естифеев «Қазақстан Халық банкі» АҚ Теміртау қаласындағы филиалы арқылы 14,5%-дық несие алды. «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасының аясында оның 8,5%-ын «Даму» Қоры субсидиялап, сыйақы мөлшерлемесі 6%-ға дейін төмендеді. Сонымен қатар, Қор кепілзат жетпеген бөлігіне кепілдік берді.

«Супермаркеттің ашылуының арқасында жаңа жұмыс орындары пайда болды. Біз үшін ең бастысы - ауыл тұрғындарын қыжалаттан шығару, қуанышын көру. Болашақта 500 шаршы метрлік жылыжайымызды қайта құрылымдап, көк-сөк өсіріп, оны өз дүкенімізде сатпақпыз», - дейді кәсіпкер. 

Қарағанды облысы, Осакаров ауданы, Осакаров кенті