+7 (800) 080 18 90

13.02.2018

Цифрлы «Даму»: дамудың жаңа кезеңі

Алматыда «Мемлекеттің бизнесті қолдау шаралары мен бизнес-процестерді автоматтандырудың цифрлы трансформациясы» деп аталатын тұңғыш IT-DAY конференция өтті. Шара аясында «Даму» Қоры шағын және орта бизнесті мемлекет тарапынан қолдау шараларын автоматтандыру нәтижелерімен бөлісіп, болашағын талқылады.

«Даму» Қоры өзінің қаржылық бағдарламаларымен кәсіпкерлерді неғұрлым көптеп қамтуды көздеп, нәтижесінде өткен жылы Digital Damu  қаржылық супермаркетінің бірінші кезеңі жүзеге асқан болатын. Digital Damu платформасының ыңғайлы құрылымы оңтайлы даму бағдарламасын таңдап, арнайы порталда кәсіпкердің өзіне керекті сала бойынша қызмет түрін пайдалануына  мүмкіндік береді. 

«Былтырдан бері біз Қордың барлық өнімдерін автоматтандыруды мақсат етіп, осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Автоматтандыру клиенттермен тиімді жұмыс істеп, олардың бізге алғаш хабарласқан уақытынан бастап, қаржыға қолы жеткенге дейінгі аралықтағы барлық әрекеттерін қадағалап отыруға мүмкіндік береді. Былтыр қыркүйек айында CRM жүйесі бойынша Digital Damu платформасы енгізіліп, қаржылай және бейқаржылай қызмет көрсету бойынша ішкі бизнес-процестер автоматтандырылды. Соның арқасында 2017 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда қолдау алған жобалар саны 4 есеге артты. Яғни, мемлекеттік қолдау құралдары жайлы кеңес алған клиенттер саны соңғы 4 ай ішінде 45%-ға артты. Қор ұсынатын өнімдер қатары өте көп. Клиенттер кейде өзіне не керек екенін білмей жатады. Осындай жағдайда Қорға келген клиенттің жеке мәліметтері Digital Damu жүйесіне енгізіледі де, «Өнім таңдаушы» опциясы және  кәсіпкерге қойылатын сұрақтар мен бағдарламаның көмегімен әр клиентке қаржылық құрал жеке таңдалады», - деді «Даму» Қорының Басқарма төрағасы Абай Сарқұлов.

2018 жылға жоспарланып отырған цифрлы форматқа көшудің екінші кезеңі бірнеше бағыттан тұрады. Олар: әріптес-банктермен бірлесе отырып өз-өзіне қызмет көрсетуге жайлы жағдай жасау. Бұл - өтінімнің әр кезеңін қадағалай отырып, процеске қатысушымен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Екіншісі – қысқа мерзім ішінде қайсысы несиелендіре алатынын білу мақсатында өтінімін бір мезетте бірнеше әріптес банкке беру мүмкіндігі. Осының арқасында қаржылық институттар арасында ашық бәсекеге жол ашылады.

Компанияның ішкі бизнес-процестерін автоматтандыру да жұмыстың маңызды бөлігі болып саналады. Бұл жекелеген құрылымдар арасындағы шартты мақұлдаудан бастап ішкі қаржылық есептілікке дейінгі өзара әрекеттестік мәселелерін тиімді шешуге сеп болады. Оның нәтижесінде  еңбек өнімділігі артып, стратегиялық басқару барысында адам мен қаржы ресурстары үнемделеді.

Қор ішкі және сыртқы процестерді авторматтандыруды қарқынды енгізуде. Осы мақсатта Paper-Free жүйесін (электронды құжат айналымы жүйесі) пайдаланып отыр. Бұл жүйе «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында өте маңызды бағыт ретінде бекітілген. 2017 жылдың 4 тоқсанында «Даму» Қорының алқа органдарының жұмысы автоматтандырылды. Ол жерде қағаз түріндегі құжат айналымы толық жойылып, нәтижесінде хаттамалар мен хаттамалардың көшірмелерін жасау уақыты қысқарып, алқа органдардың тапсырмаларының орындалу барысын автоматты түрде бақылауға мүмкіндік туды. Сонымен қатар, кадрлық құжат айналымы да автоматтандырылып, процесс 60%-ға оңтайланды. Оның ішінде құжаттарды сүйемелдеуде қызметкерлердің жұмыс уақыты азайып, жұмыскердің құжат ұсынуынан бастап, жұмыс берушінің актісіне дейінгі аралық мерзімі қысқарды.

Электронды құжат айналымын автоматтандыру барысында электронды құжаттарға бұрыштама соғып, мақұлдау кезеңінде электронды-цифрлы қол қою үлгісі пайдаланылады. Ал дайындалатын құжат түрлері электронды құжаттар айналымын реттейтін құқықтық-нормативті актілерге сай. Мұнымен қатар, электронды құжат айналымы 2018 жылы  ішкі құжаттамаға да енгізіліп, шаруашылық және субсидиялау туралы үш жақты шарттарға да қолданылады.

Болашақ жұмыстың негізгі бағыттары сөз қозғағанда, электронды архив құру жобасының да жүзеге асу алдында тұрғанын айта кетуіміз керек.  Ол қағазбастылықты азайтып, «Даму» Қорының құрылымдық бөлімшелері мен аймақтық филиал жұмысының тиімділігін арттыра отырып, Қор жұмысына қажетті құжаттардың сақталып тұруына мүмкіндік береді.

Шара IT-саласы мекемелері мен Қазақстан банктері өкілдерінің қатысуымен, цифрлы технологияларды енгізу арқылы Қор бағдарламалары бойынша қаржылық қолдау алған кәсіпкерлерді молынан қамтуды көздейтін  жемісті кейстерді талдай отырып, пікір таластыру түрінде өтті.