+7 (800) 080 18 90

Жаңалықтар
14.06.2018

Перзентханадан басталған бизнес

Жеке кәсіпкер Айгүлім Мелісқызы Аяпбергенова 2015 жылы бизнес ашуға шешім қабылдады. Оған Айгүлімнің сәбилі болуы түрткі болды. Жас босанған келіншек перзентханада жатқан кезде жақын маңда ыңғайлы дүкен жоқ екенін байқаған. Ыстық тамақ немесе тіскебасар, жеке басына қажетті үсақ-түйек заттар керек кезде сатып ала қоятын жер таппай, артынан іздеп келер ағайынға жер шалғай болып, қатты қиналғанын есіне алады. Шалғай ауылдардан келген жас аналар үшін бұл әжептәуір қиындық еді. Перзентханадан Айгүлім сәбиін құндақтап, кондитерлік цех пен аспазхана ашу туралы ойын жүрегінің түбіне түйіп алып шықты. Алдымен отбасымен кеңесе келе, перзентхана жанынан жер телімін сатып алуды шешті. Айгүлімнің ойын жолдасы толық қолдап, мамандығы құрылысшы болғандықтан, құрылыс жобасын жасап, ғимаратты өз күшімен тұрғызып берді. Дегенмен, ғимаратты аяқтап, қажетті құрал жабдықтар алу үшін қаражат жеткіліксіз болды. Осы мәселені шешу үшін Айгүлім «Даму» Қорына келді. Қордың Қарағанды облыстық филиалының менеджерлері бизнес жоспар жасауға көмектесіп, банктермен несие алу үшін келіссөздер жүргізді. Алайда, банктер start-up жобаға несие беруден бірінен соң бірі бас тартты. Осы кезде қордың менеджері мемлекеттік қолдаудың тағы бір құралын яғни, грант аясында қаржыландыру жобасына қатысуды ұсынды. Айгүлім өз жобасын облыстық әкімшілік жанындағы өңірлік үйлестіру кеңесі комиссиясы мүшелерінің алдында қорғап шығып, грантқа ие болды. Қазіргі таңда Айгүлімнің бизнесі ойдағыдай жүріп, ұлғайып келеді. Биыл өз қаражатына ашылған аспазхана жанынан хостел ашты. «Ізденсең, алдыңа қойған мақсатыма жетем деген ой болса, әрқашанда көмек көрсететін ұйымдар және мамандар табылады», - дейді Айгүлім Мелісқызы. Кәсіпкердің алдында тағы да басқа жобаларды іске асыру жоспарда тұр. Бұл жайында алдағы уақытта жазамыз.