info@fund.kz +7 (800) 080 18 90 | 1408

Семейдің гематогені – сапа мен шипа астасқан

Жаңалықтар
12.07.2018

Гематогеннің ем-дәмдік пайдасын үлкен-кіші жақсы біледі. Грек тілінен аударғанда «ыстық қан» деген мағынаны білдіретін гематоген таза дәрілік зат болмағанмен, ағзаға күш беретін биологиялық белсенді қоспа болып саналады. Семейлік кәсіпкер дәл осы пайдалы затты өндірмек болып «Даму» Қорынан 2016 жылы қараша айында қолдау сұрап келді.

«Таукебаева Г.А.» ЖК басшылығы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына келіп, аталған кәсіпорын үшін ыңғайлы мемлекеттік бағдарлама таңдап беруді сұраған. КҚКО маманы алғашында таңданғанын жасыра алмады. Себебі Қазақстан бойынша сатылатын гематогеннің 60%-ын ұзақ жылдар бойы дәл осы Семейдегі «РОМАТ» ФК өндіріп келген болатын. Дәл сол мезгілде компанияның өніміне деген сұраныс жылына 2,4 млн гематоген немесе айына 200 мың қорап өнімді құрайтын. Нарықта мұнымен қатар Ресей мен Беларусь елдерінен келетін гематогендер де жеткілікті болатын. Кейіннен белгілі болғандай, аталған зауыт жабылып, нарықта бос орын пайда болар сәт туып тұр екен.

Сонымен, таңдау «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасына түсті. Ол бойынша банк берген несиенің 7%-ы субсидиялауға жататын еді. 51 000 000 теңге болатын алғашқы несиені «Қазақстан халық банкі» арқылы алған кәсіпкер қаражатты өндірістік ғимарат салып, құрал-жабдықтар, гематоген өндірісіне қажетті шикізат сатып алуға жұмсаған.

 

Біраз уақыттан соң Семейде гематоген жасайтын мини-зауыт пайда болды. 2017 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінен Мемлекеттік тіркеу туралы куәлік алды. Бұл куәлік Свидетельство гематогенді Қазақстанда ғана емес, ЕЭК елдерінде өндіруге және сатуға мүмкіндік берді. Дегенмен жоба ол кезде де аяқтала қоймаған еді.

 

2017 жылдың мамыр айында Семей қаласындағы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына «Rabat.kz» ЖШС басшылығы келді. «Таукебаева Г.А.» ЖК заңды өкілі болып саналатын бұл компания гематоген өндірісін жеке өндіріс ретінде бөлек шығару үшін құрылған. Жобаны аяқтау үшін 12 225 000 теңге көлемінде қосымша қаражат керек болды. Бұл соманы банк «БЖК 2020» аясында субсидиялау үшін мақұлдады.

 

Сонымен, қазір өндіріс қарқынды жұмыс істеп тұр. Компания директоры Ишмуратов Виталий Камильевичтің айтуынша, шаруа өзі жоспарлағандай жүріп жатыр. Қысқа уақыттың ішінде өнімді тарату ісі жолға қойылды. Бұған фармацевтикалық желіде жұмыс істеген жылдары жиған тәжірибесі көп көмек болды. Қазір Қазақстанның барлық дәріханаларына «Rabat.kz» сауда белгісі бар дәмді әрі табиғи, сапалы өнім жеткізіліп жатыр.