info@fund.kz +7 (800) 080 18 90 | 1408

«Di-made» - пайдалы тәттілер

Жаңалықтар
03.12.2019

Алматылық кәсіпкер Пак Диана Брониславовна қант пен майы жоқ, денсаулыққа зиянсыз десерт жасау жайлы идеяны бала күтіміне байланысты демалысқа шыққан кезде ойлап тапты.

Снимок.JPG 

«Мен ол кезде екінші балама жүкті едім. Бұрын ірі компанияда кадр бөлімінің басшысы болып жұмыс істегенде бос уақытым болмайтын. Аяғым ауырлап, демалысқа шыққанда жағдай өзгерді. Үйде отырып жұбайыма түрлі десерттер пісіріп бере бастадым. Ол қуана-қуана дәм татып, мақтауымды асыратын. Бір өкініштісі - күйеуім спортпен үнемі айналысқанына қарамастан, салмақ қоса бастады. Ал мен дайындайтын десерттерден бас тарту қиын еді. Өзі де тәттіні жақсы көретін», – дейді Диана Пак.

6.di_made__20191128_10.png 

Органикалық химия бағытында оқыған технолог Диана өз білімін пайдалы арнаға бұрмақ болды. Ойлана келе тәттіқұмар сүйіктісіне дәмді және калориясы аз десерттердің рецептін жасауға кірісті. Алдымен томпақ күлшелер пісіріп көрді. Туған-туыс, дос-жарандарына ол да қатты ұнады. Шабыт алған Диана өзінің сүйікті ісін тапқанын ұғып, рецепттерді жетілдіріп, пайдалы десерттердің жаңа түрлерін пісіре бастады.

13.IMG-20191126-WA0027.jpg 

«Әрине, кей адамдар сияқты тәттіден мүлдем бас тартуға да болар еді. Алайда, менің ойымша, бұл дұрыс емес. Жылдар бойы үйренген дүниеңнен бірден бас тарту оңай болмайды. Әрі тәттіні мүлдем жемей қою организм үшін шок болып, кері әсерін де тигізуі мүмкін. Қантсыз десерт деген құлаққа ерсі естілер. Көп адам ұнсыз және қантсыз тәтті дайындауға болатынына сенбейді. Шын мәнінде, аз калориялы, керемет дәмді десерттер пісіру қиын емес. Жидектер мен жемістердің табиғи тәттілігі, шоколад дәмі мен аздап табиғи тәттілендіргіш – бұл тамаша десерт жасауда таптырмас көмекшілер», - дейді Диана.

Диана бұл пайдалы хоббиді бизнеске айналдыруды ойлаған жоқ. Ол отбасын қуантып, туыс-достары келгенде дастарханға пайдалы дәм қоятын. Бір күні Дианаға достары хабарласып Алматыда дұрыс тамақтану дәмханасын ашпақ ниеті бар екенін айтқан кезде жоспар мүлдем ойламаған жаққа қарай өзгерді.

«Олар алдымен дәмхананың ашылуына пайдалы десерттер жасап беруді сұрады. Мен барымды салып пісіріп, жұрттың көңілінен шығуға тырыстым. Менің тәттілерім барлығына ұнады. Бірақ, өкінішке орай бұл дәмхана ұзақ жұмыс істемей, жабылып қалды. Ал менің бұл іске деген құмарлығым арта түсті. Дәмді және пайдалы десерттер жасауды жалғастырғым келді. Әрі, қазір алматылықтар дұрыс тамақтануға көшіп жатыр. Сөйтіп өз бизнесімнің кірпішін қалауды ойладым», - дейді Диана.

Бастапқыда тауар өткізу оңай болмады. Сауда орындары десерттер қантсыз жасалғанын естігенде, жұрт мұндай өнімді сатып алмайды деп ойлап, тауарлардан бірден бас тартатын. Табанды кәсіпкер оған тоқтай қоймады. Алдымен тәттілерді алып қалып, сатылса сатып, сатылмаса қайтып беруді сұрады. Осыдан кейін барып саудаға жан біте бастады. Клиенттер көбейіп, көптеген дұрыс тамақтану дүкендері тапсырыс бере бастады.

«Біз барлық өнімдерімізді әр түрлі тартылған дәнді дақылдар ұнынан жасаймыз. Крем - майсыз сүзбе немесе кокос сүтінен. Десерттердің хош иісі сатып алушыларды қызықтырып, есін алу үшін жеміс-жидектерді көп қосамыз», - дейді Диана.

3.di_made__20191128_15.png⁠ 

Мұндай десерттерді тіпті диабетке шалдыққан адамдар да жей алады. Ағзаға күш түсірмейді, калориясы әдеттегі десерттерге қарағанда үш-төрт есе төмен. Тәттілердің түрі көп, тіпті вегетариандарға арналған десерттер де бар. Қазір жаңа десерттерді жасау үшін Диана технолог пен кондитерді жұмысқа алған.

 

«Біз үнемі жаңа десерттер ойлап тапқан кезде ең алдымен өзіміз дәмін көреміз. Жергілікті табиғи өнімдерден жасаймыз. Тек қант алмастырғыштарды Ресейден алдырамыз. Өйткені бізде өндірілмейді. «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында грант жеңіп алып, қаражатты ісімізді кеңейтуге жұмсадық, - дейді Диана.

Дәмді және пайдалы керемет десерттерге тапсырыс берем десеңіз:

Instagram: @di_made_
Сайт: di-made.kz
Тел: 87772221661