info@fund.kz +7 (800) 080 18 90 | 1408

«Lavaggio» ЖШС кір жуу комбинаты мемлекеттік бағдарлама аясында қолдау алды

Жаңалықтар
06.05.2020

«Lavaggio» ЖШС – кір жуу, үтіктеу, дезинфекциялау және камералық өңдеу қызметтерін ұсынатын жаңа комбинат.

Кір жуу комбинаты бельгия және италия өндірісіндегі заманауи техникамен жабдықталған. Оны сатып алуға мемлекет қолдау көрсетті. Комбинат тәулігіне 3 мың дана кір жуа алады. Компания шағын мейрамхана, дәмхана, хостел, қонақ үй, балабақшалар мен өндірістік кәсіпорындар, ауруханалар, емханалар, әскери бөлімдер, спорт мекемелері, интернаттарға қызмет көрсетеді. Кір жуумен қатар, компания сырт киімдердің барлық түрі мен кез келген бұйымдарды химиялық жолмен тазалайды. Тұтынушыларға ыңғайлы болу үшін тазалайтын заттарын алып кетіп, апарып береді.

2020 жылдың наурыз айында компания жаңа кір жуу жабдықтарын сатып алу үшін «ForteBank» АҚ арқылы 160,0 млн тг несиені 14,25% мөлшерлемемен алды. 2020 жылдың сәуір айында «Даму» Қоры «Lavaggio» компаниясының бұл жобасын «Бизнестің жол картасы 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында қолап, сыйақы мөлшерлемесінің 50%-ын субсидиялады. Нәтижесінде, компания несиені жылына 7,125%-бен өтейді.
Біздің компаниямыз жас болғанымен, нарықта ұсынылатын қызметтердің барлық түрін қамтуға тырысамыз. Алға қойған жоспарымыз ауқымды. Оны жүзеге асыруға мемлекет тарапынан көп қолдау бар. Бізге Италия және Бельгияда шыққан жабдықтарды сатып алу керек болған кезде компанияның өз қаражаты жеткіліксіз болды. Банкке несие үшін жүгінуге шешім қабылдадық. «Даму» Қорының арқасында, дәл осы кезеңде елде төтенше жағдай мен облыста карантин режимі болғанына қарамастан, жобамыз қаралып, несие бойынша сыйақы мөлшерлемесінің тең жартысын субсидиялай алдық. Алғысымыз шексіз», - дейді «Lavaggio» ЖШС директоры Ахметжанова Айгүл Майданқызы.

Кәсіпкер дәл қазір мемлекеттің кәсіпкерлерді барынша қолдауға тырысып жатқанын атап өтті. Мемлекеттік қолдау шараларын алуға өтінім беру секілді көптеген шаралар тәртібі жеңілдетілген.