info@fund.kz +7 (800) 080 18 90 | 1408

Үкіметтің дағдарысқа шаралары: «Даму» Қоры арқылы ШОБ қолдау

Жаңалықтар
09.12.2020

Қазақстандағы экономикалық жағдай, бүкіл әлемдегі сияқты COVID-19 пандемиясының теріс әсерінен арыла алмады. Осыған байланысты экономиканың жекелеген салаларында өсім баяуласа, кейбір секторлар қалпына келе бастағаны байқалады.

Қазақстан Үкіметі қабылдаған 2020 жылдың соңына дейін экономикалық өсуді қалпына келтірудің кешенді жоспарында 164 шара бар. Олар осы жылдың ішінде ЖІӨ қалпына келтіруді қамтамасыз етуге және экономиканы сапалы трансформациялау үшін жағдай жасауға тиіс. Бұл жұмыстағы маңызды бағыт – микро, шағын және орта кәсіпкерлікті (МШОК) қолдау. Бұл сала ел ЖІӨ-нің 31,7%-ын береді. Пандемия салдарын еңсеріп, МШОК-ты қолдауда «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ негізгі рөл атқарады. Дәл осы микро, шағын және орта кәсіпкерлікке көрсетіліп жатқан қолдау жайында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрайымы Гаухар Бурибаевамен сұхбаттасқан едік.

1607489978_dlya-zakon-1.jpg

- Гаухар Асылбекқызы, COVID-19 пандемиясы мен карантин шараларынан зардап шеккен отандық бизнестің еңсе тіктеуі үшін Қор қандай қолдау көрсетіп жатыр?

Мен жауап бермес бұрын нақты цифрларға тоқтала кетсем деп ем. Бизнесті қолдауға арнналған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру аясында 2020 жылдың 10 айы ішінде қолдау алған МШОК жобаларының несие қоржыны көлемі 2019 жылы қолдау тапқан жобалардың несие қоржынының көлемінен 17%-ға асып түсті.

Егер пандемиядан қатты зардап шеккен салалар қатарына енбеген кәсіпкерлерді «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында субсидиялау көлемін қарастырар болсақ, биыл 10 ай ішінде ол өткен жылмен салыстырғанда 1,7 есеге немесе 112 млрд теңгеге артқан.

Осы мемлекеттік бағдарлама аясында несиеге кепілдік беру бойынша көлем 1,8 есеге яғни 132,5 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Жеңілдікпен қаржыландыру үшін екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдарында қаржыны шарттасып салу бағдарламасы аясында 10 000-нан астам жоба қаржыландырылды.

Бизнесті қолдау мақсатында Үкімет дағдарысқа қарсы шаралар пакетін және экономика өсімін қалпына келтіру бойынша Кешенді жоспар бекітті. Оны іске асыру аясында «Даму» Қоры бірнеше бағыт бойынша мемлекеттік қолдау шараларының операторы болып бекітілді. Біріншіден, «БЖК-2025» бизнесті қолдау бағдарламасына енген өзгерістер бойынша, биыл 1 желтоқсанға дейін банктерге өтінім беріп үлгерген экономиканың неғұрлым зардап шеккен секторларындағы кәсіпкерлерді қолдау. Бұл қолдау шарасына іліккен компаниялар мен кәсіпорындар қатарында бөлшек сауда саласында, қонақ үй бизнесі, туристтік агенттіктер, кинотеатрлар, фитнес орталықтар, көлік жөндеп, қызмет көрсету орындары, мектепке дейінгі және білім беру орындары секілді 29 сала бар. Яғни, осы секторда еңбек ететін кәсіпкерлердің несие жүгі айтарлықтай азайтылды. Мемлекеттік қолдаудың бұл шарасы бойынша 2020 жылғы 16 наурыздан бастап 2021 жылғы 15 наурызға дейін субсидиялау көзделген.Ол қолдау талаптары бойынша, кәсіпкер сыйақының номинал мөлшерлемесінің тек 6%-ын ғана төлейді. Ал айырмасын мемлекет қаржы агенті, яғни «Даму» қоры арқылы өтейді. Қорға осыған байланысты 8 795 келіп түсті. Олардың жалпы несие қоржыны 750 млрд теңгені құрайды. Олардың ішінде 4870-іне 4,4 млрд теңге субсидия төленді.

Екіншіден, мемлекеттік қолдау бағдарламаларына енген елеулі өзгерістерді де атап өткен жөн. Мысалы, субсидиялау құралын 6% деңгейінде қолдануды басшылыққа ала отырып, борышкерге арналған түпкілікті мөлшерлеме біріздендірілді. Сондай-ақ салалар бойынша шектеу алып тасталды.

Үшіншіден, микробизнеске арналған жаңа бағдарлама іске қосылды. Өздеріңіз білетіндей, осы пандемия кезінде ең көп зардап шеккен – микробизнес болды. Қазір бұл сала 20 миллион және 5 миллион теңгеге дейінгі несиеге Қордың 85%-дық кепілдігімен қол жеткізе алады. Дей тұрғанмен, мысалы, ол алынған ақшаның төрттен бір бөлігін айналым қаражатын толықтыруға бағыттай алады, ал қалған соманы инвестицияға жұмсауға болады. Екі жағдайда да «Даму» Қоры қарыз сомасының 85% мөлшерінде кепілдік береді. Айналым қаражатын толықтыруға субсидиялар 2 жылға дейінгі, ал инвестициялық мақсаттарға – 3 жылға дейінгі мерзімге беріледі.

Микробизнеске арналған жаңа бағдарлама бойынша кәсіпкерлер протфельдік сусидия мен кепілдік берудің артықшылықтарын пайдалана алады. Ол бойынша несие өтінімін қарау уақыты мен кезеңдері қысқарған. Бұл – кәсіпкерлер мен бизнес үшін өте маңызды. Несие жөніндегі шешімді банктер қабылдайды.

Сонымен қатар, қаржыға қол жетімділікті арттыру мақсатында, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысына тұңғыш рет микроқаржы ұйымдары да араласты.

- Сіз қазір «Даму» Қорының барлық жобалары бойынша соңғы 10 айдағы несиелерді қайта қаржыландыруы туралы айттыңыз. Короновирус пандемиясынан зардап шеккен МШОК қолдау көрсету кезінде несиені субсидиялау және кепілдік беру бойынша қанша жоба қайта құрылымдалғанын бөліп айта аласыз ба?

- Бұған дейін, Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 23 наурыздағы тапсырмасы аясында, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бұйрықтарына сәйкес, 16 наурыз бен 30 қыркүйек аралығында Қор жалпы сомасы 108 млрд теңге болатын 3 285 жобаға кепілдік беру және жалпы сомасы 503 млрд теңге болатын 3 870 жобаны субсидиялауды қайта құрылымдады.

Сондай-ақ, «Даму» Қоры кәсіпкерлердің төлеу мерзімі 90 күн асқан берешектерін өтеуі үшін неғұрлым қолайлы жағдай жасау бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Қазір несиеге кепілдік беру құралын пайдаланған 42 борышкер тіркелген. Проблемалы несиелермен жұмыс істеу кезінде 28 кәсіпкердің қаржылық жағдайына қарай қарыз өтеудің жаңа кестесі келісілді, сондай-ақ кейінге қалдыру да мақұлданды.

Қаржыландыру портфелінің құрылымына қарасақ, үкімет қолға алған шаралардың МШОК субъектілері үшін өте қажет екендігі көреміз. Қолдау көрсетілген жобаларда несие төлеу жүктемесін жеңілдету үшін қайта қаржыландырылған қарыздар көлемі 2,7 есеге өскен. Сондай-ақ кәсіпкерлер тарапынан айналым қаражатын толықтыру мақсатындағы несиеге сұраныс артқаны байқалады.

- «Даму» Қорының қолдауына сүйенетін кәсіпкерлер арасында қай өңірлер белсенді және осы қолдау құралдарына қай салалардан өтінім көп түседі?

- Қолдау шаралары аясындағы барлық несие қоржынын саралап қарайтын болсақ, кепілдік беру және субсидиялау құралдары бойынша Павлодар, Атырау облыстары мен Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласы көш бастап тұр. Қаржыны шарттасып салу бағдарламасы бойынша әдеттегідей Түркістан, Алматы және Жамбыл облысының кәсіпкерлері белсенді.

Ал сала бойынша қарастырсақ, осы үш бағыт бойынша 2018 және 2019 жылдары өңдеу өнеркәсібі, көлік пен қоймаға салу, көтерме және бөлшек сауда саласы алда болды. 2020 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша біз қолдаудың пандемиядан қатты зардап шеккен салаларға қарай ойысқанын байқаймыз. Мысалы, «БЖК 2025» бағдарламасы аясында субсидиялау құралы бойынша негізінен көтерме және бөлшек сауда саласына көп назар аударылды. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі де қолдау алған жобалар саны мен сомасы жағынан мол үлесі алды.

Көптеген кәсіпкерлер осы дағдарыс кезінде бизнес ашып және жұмыс істеп тұрған бизнесін дамытуға мол мүмкіндік алды. Мысалы наурыз айынан бері пандемия кезінде ашылған кәсіпорындардың біразын тізіп көрсек. Тамақ өнеркәсібінде: «ЭкоМол Сергеевка» ЖШС Петропавлда сүт өнімдері өндірісін іске қосты. «Карагулина Л.А» ЖК Рудныйда кондитер өнімдері цехын ашты. Ал «ШығысУниверсал» ЖШС Өскеменде балық өңдеу өндірісі көлемін арттырды. COVID 19 кезінде қорғаныш құралдары саласында көптеген бизнес ашылды. Мысалы Рудныйдағы «МедиДез» ЖШС қысқа уақыт ішінде дезинфекция құралдарын шығаратын желіні жылдам іске қосты. Шымкенттегі Тулин М.С. ЖК әйнек шығару ісін кеңейтті. Ал астанадағы «KMInvest» компаниясы арнайы киім тігетін цех ашты.

- Қазіргі жағдай барлық салаға өзгеріс енгізіп жатқаны мәлім. Соңғы кездері карантинге байланысты көптеген өңірлерде шектеу шаралары бекітілді. Бұл «Даму» Қорынан қолдау алғысы келетін кәсіпкерлердің адымына тұсау болып, қолын байлап жатқан жоқ па?

- «Даму» Қоры пандемия кезінде жұмысын бір күн де тоқтатқан жоқ. Жыл басталған кезде Қордағы бизнес процестердің 94%-ы автоматтандырылғанын айта кеткім келеді. Осының арқасында қызметкерлерді қашықтан жұмысқа жіберген кезде Қордың қалыптасқан жұмыс кестесінен ешқандай ши шықпай, жұмысты әрі қарай кедергісіз жүрізіп кеттік. Мұнымен қатар, осы автоматтандырудың арқасында біз микро және шағын бизнес үшін жаңа құралдар шығарып, қолдау көлемін арттыруды көздейтін өтінім қарау, жұмыскерлердің KPI-ын қарастыру мерзімін қысқарта алдық. Төтенше жағдай енгізіліп, эпидемияға қарсы шаралар қолға алынып, шектеулер қойылған кезде де «Даму» Қоры өтінімдердің 90%-ын online.damu.kz және egov.kz. сияқты электронды арналар арқылы қабылдады. Қор келесі жылы да кәсіпкерлермен электронды қарым-қатынас жасау ісін жалғастырады деп жоспарланған.

- Біздің әңгімеміздің негізгі бөлігі Қазақстан Үкіметінің бизнесті қолдау шаралары жайлы болды. Бұл істе «Даму» Қоры қаржы операторы екені белгілі. Ал Қордың өз бағдарламаларының жайы не болып жатыр?

- Қор бизнесті жеңілдікпен несиелеу үшін қаражатты банктер мен микроқаржы ұйымдарына шарттасып салу бағытындағы әріптестік жұмыстарын жалғастыруда. Өңірлік бағдарламалар облыс әкімдіктері мен ынтымақтастықта жүзеге асуда. Сондай-ақ кәсіпкерлер тарапынан «Даму-Оптима» бағдарламасы бойынша кепілдік беру құралына да сұраныс жоғары.

«Даму» Азия Даму Банкі (АДБ), Еуропа Қайта Құру және даму банкі (ЕҚДБ), БҰҰ Даму Бағдарламасы (БҰҰДБ), Еуропа инвестиция банкі (ЕИБ), Дүниежүзілік банк, сондай-ақ Кореяның ШОБ және стартаптарды қолдайтын KOSME агенттігі, Түркияның шағын және орта кәсіпкерлікті дамытып, қолдайтын KOSGEB ұйымы сияқты шетелдік даму институттарымен ынтымақтастығы жалғасуда. Барлығын қосқанда соңғы 10 жыл ішінде біз 952 млн АҚШ долларын тарттық.

Ислам шарттарымен қаржыландыру аясында Қор Al Hilal Kazakhstan Ислам Банкімен және Kazakhstan Ijara Company ислам лизингі компаниясымен ынтымақтастықта. 2020 жылдың 10 айы ішінде жалпы сомасы 9,54 млрд теңгеге 29 жоба бірлесіп қаржыландырылды. 257 жаңа жұмыс орны құрылды, өндіріс көлемі 12,8 млрд теңгені құрады, алдын ала деректер бойынша салық түсімдерінің көлемі 405 млн теңгені құрады.

11 тамызда Қор алғаш рет БҰҰ Даму Бағдарламасының (БҰҰДБ) қолдауымен, «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) - Astana International Exchange қор биржасының сауда жүйесіне жылына 11,75% купондық мөлшерлемесімен және айналым мерзімі 3 жылға «жасыл облигацияларды» сәтті шығарды.