info@fund.kz +7 (800) 080 18 90 | 1408

Павлодарлық мүмкіндігі шектеулі кәсіпкер мемлекеттің қолдауымен бизнесін дамытуға мүмкіндік алды

Жаңалықтар
14.09.2016

Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігінің 2015 жылғы мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстанда 626 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жан бар. (халықтың 3.7% пайызы) Олардың көпшілігі қолдауға мұқтаж.

Солардың бірі - Павлодарлық жас кәсіпкер Дархан Валиев. Түрлі салада бақ сынап жүрген Дархан 2014 жылы цех жалдап, жиһаз өндіру қызметімен айналысу үшін жеке кәсіпкерлік қызметін ашты.

2015 жылы мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған «Жұлдыздарға қара» атты жоба жайында естіген ол, қатысу үшін «Даму» Қорына өтініш берді. Сөйтіп, фотосурет бағытындағы жобаны жүзеге асыру үшін 300 мың тенге шамасында грант ұтып алды. Грант қаражатына фотопринтер, ламинатор және басқа да жабдықтар сатып алынды.

Ал 2016 жылы Дархан өзіне жаңа бағыт ашып, жүк тасымалдау қызметімен де айналыса бастады. Жас кәсіпкер рефрижератор сатып алу үшін, Қордың жартылай кепілдемесімен жеңілдігі бар несие алуға бел буды. Павлодар облысы бойынша кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы Дарханға қажет құжаттарды жинауға көмектесіп, тегін бизнес-жоспар жасап берді. Қазір Дарханның несиесін банк мақұлдап, Қор кепілдемесі берілді.

«Түрлі грант байқауларына және мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға қорықпаныздар дегім келеді. Қазіргі таңда мүгедектерге көптеген қолдаулар бар. Қатысуға мүмкіндік бергендеріңіз үшін «Даму» Қорына алғыс айтқым келеді»,-дейді Дархан Валиев.