info@fund.kz +7 (800) 080 18 90 | 1408

Атырауда жас кәсіпкер іс бастады

Жаңалықтар
23.08.2016

Ирина Нейбарт бала кезінен қолөнермен айналысқанды ұнататын. Көйлек тігетін анасына қолғабыс жасауды ұнататын ол бара-бара тігіншіліктің қыр-сырын да меңгеріп алды. 2012 жылдан бастап өз қолымен ашықхаттар жасап сатылымға шығара бастады. Сонымен қатар квиллингке де қызықты. Жарты жылдан соң шағын студия ашып, балаларға шаш қыстырғыштар, таңғыштар, түйреуіштер жасауды үйретті. 2013 жылы студия жанынан қолөнер бұйымдары сатылатын дүкен ашты. Сол кезде декупажға қатты қызығып, сандықшалар жасай бастады. Алайда бизнесті жүргізуден және сату барысынан еш хабары болмағандықтан, барлығын жабуға тура келді.

Қолөнерін жетілдіре келе болашаққа жоспар құра отырып, әйелдерге арналған брендтелген 10 киім жинағын тігуге бел байлады. Сөйтіп, фотостудия жасап, әлеуметтік желілерге шығара бастады. Осы әрекетінен кейін алғашқы тапсырушылар да шыға бастады. Осылайша 2015 жылдың шілде айында Атырау қаласында көрсетілім өткізіп, «Ажар» сауда үйінде өзінің жеке бутигін ашты.

Облыстық кәсіпкерлер арасында өткізілген байқауға қатысып, «Кәсіпкер - 2015» атағына да ие болды. 2016 жылдың наурыз айында Атырау қаласында өткен сән көрсетіліміне қатысып, 2016 жылдың сәуір айында Астрахань қаласында өткен «Каспий сән апталығының» үшінші маусымына қатысты. Апталыққа әр елден келген 40-тан астам дизайнер қатысқан болатын.

«Өз өндірісімді кеңейтіп және тағы бір үйге арналған тоқыма бұйымдар желісін шығару туралы көп ойландым. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту Қорының» Атырау облыстық филиалындағы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында болғанымда өзімді толғандырған барлық сұрақтарға жауап ала алдым. Қордың ұйымдастыруымен өткен «Жаңа бизнес ашуды қолдау» жобасы бойынша үш күндік семинарға қатысып, өзім үшін көп маңызды ақпараттар алдым. Семинар бітісімен, мен өз жобамды ұсындым және екінші деңгейлі банк өкілдері оң бағаларын берді. Сонымен қатар, Атырау қаласындағы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында кеңесшілер «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасының шарттарымен таныстырып, қысқа уақыт ішінде бизнес-жоспар құрастырылып және жеке кәсіпкерлік нысанын ашуға көмек көрсетілді. Ісін енді бастап келе жатқан кәсіпкерлерге «Даму» Қорының көмегі зор екендігі қуантады.» -дейді Ирина.

«Сбербанктен» ЕБ 3 000 000 теңге көлемінде қарыз беру туралы өтініш қанағаттандырылды. Қордан алынған кепілдік соммасы 2 550 000 теңгені, субсидияланған бөлігі 14%-дың 7%-ын құрады.

Қазіргі таңда старт-ап жобасы бойынша Атырауда тігін цехы ашылып, екі жұмыс орны пайда болды.