info@fund.kz +7 (800) 080 18 90 | 1408

Маңғыстау облысында әлеуметтік маңызы зор бірнеше кешен жұмысын бастады

Жаңалықтар
28.07.2016

Осы жылдың 27 шілде күні «Даму» кәсіпкерлерлікті қолдау Қоры» АҚ Маңғыстау облысы бойынша аймақтық филиалы журналистер үшін пресс-тур ұйымдастырды. Шара мақсаты - «Бизнестің жол картасы 2020» аясында іске қосылған жаңа жобалармен таныстыру.

Тілшілер барған алғашқы кешен «Берекет-Ф» ЖШС-нің макарон және нан өнімдерін шығаратын зауыты болды. Өндіріс орны жұмысымен журналистермен бірге ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Қабиболла Қабенұлы Жақыпов та танысты. Халық қалаулысының өңірге жұмыс сапармен келген.

Ақтау қаласының тұрғыны Зарета Фаталиева қаржылай қолдау сұрап, «Даму» кәсіпкерлерлікті қолдау Қоры» АҚ Маңғыстау облысы бойынша аймақтық филиалына жүгінген. Кәсіпкер ұсынған бизнес-жоспар бойынша жұмысын осыдан бұрын бастаған нан зауытында күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, (ғимараттың 2,3,4 қабаттарында) макарон өнімдерін шығаратын жаңа цехтар ашу көзделген.

Өндірістік өнеркәсіп түріне жататын жоба шағын және орта бизнес субъектілерін қолдау Бағдарламасы шеңберінде мақұлданды. Несие жылына 6 пайызбен берілді.

- Қазіргі таңда біздің зауытта наубайхана мен макарон өнімдерін шығаратын цех жұмысын бастады. Нан өнімдеріне қажет ұнды Қазақстанда сатып аламыз. Өндірістің барлық кезеңдерінде тек отандық шикізат қолданылады. Түрлі пішіндегі нан, тоқаш және тәтті нандарды әзірлейміз. Тағамдарды сатып алушылар саны жетерлік. Келісімшартқа отырған тұтынушылардан бөлек, мектептер, ауруханалар мен сауда нүктелеріне өзіміз шығаратын нан өнімдерін жеткіземіз. Бағасы қолжетімді жаңа піскен нан дүкен сөрелерінде ұзақ сақталмай, тез сатылып кетуде,-дейді «Берекет-Ф» ЖШС-нің мамандары.

Макарон цехына келсек, кешен бір жыл бұрын ашылғанына қарамастан өндіретін өнімі жергілікті базарларда танымал. «Берекет-Ф» ЖШС-гі бұл тағамның алты түрін шығарады. Бәсекелестерге қарағанда бағасы арзан, сапасы жоғары. Кәсіпкер бұл жобаны ішкі нарық сұранысы мен шығындарды есептеп, тиімділігіне көз жеткізген соң барып қолға алыпты.

- Берекет-Ф» ЖШС-гі шығаратын кез-келген тағам әрдайым жоғары сапалығымен ерекшеленеді. Сауданың өзіндік құнын қайтаруда үлкен шығындарға бармаймыз. Дайын тағамға қымбат баға қойып кейін өткізе алмай қоймада ұстағанша, қолжетімді бәсімен тез сатқан әлдеқайда тиімді. Алдағы күндері макаронның тағы екі түрі шығарылады. Біз өз ісімізді дамытуға әрқашан көңіл бөлеміз,-дейді компания қызметкерлері.

«Берекет-Ф» ЖШС-гі шаһар нарығын жаулап алып үлгерген компаниялар қатарында. Кәсіпорынның іргетасы 1997 жылы қаланған. Зауыт бастапқы қызметін «Ермек» кафесінде орңаласқан кондитерлік цехта бастаған. Бүгінде серіктестік сүт, сүт өнімдері, макарон, кондитерлік және нан өнімдерін өндіріп, тұтынушыларға жеткізумен айналысады.

Мәжіліс депутаты бастаған тілшілер тобы зауыттан соң «Байсырымов С.Ө.» жеке кәсіпкер меншігіндегі жылыжай шаруашығымен танысты. Ақтау қаласына жақын орналасқан кешен аумағында қияр өсіретін екі жылыжай орналасқан. Кәсіп иесі С.Байсырымов «Даму» кәсіпкерлерлікті қолдау Қоры» АҚ Маңғыстау облысы бойынша аймақтық филиалының қолдауымен бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отыр.

- Бізге «Бизнестің Жол картасы-2020» бағдарламасы аясында қаржылай қолдау көрсетілді. «Даму» Қорының субсидия бөлуімен банктен несие алдық. Алған қаржымызға «Гидропоника» технологиясын сатып алып, қияр өндіріп жатырмыз,-дейді жеке кәсіпкер.

«Гидропоника» технологиясы - суға ерітілген құнарлы заттар көмегімен әртүрлі көкөніс пен жемістерді өсірудің заманауи тәсілі. Бұл әдісті қияр өсіруде қолдану арқылы өнімді арттырып, көкөніс егуге қажет жер көлемін әжептәуір азайтуға болады.

Таяудан бері кәсіпкер жердің қатты қабатына қызанақ егуді қолға алған. Бұл, әзірге пилоттық жоба. Дегенмен, келешекте өзі өсірген өніммен жергілікті сауда орындарын қамтуды көздеп отыр. Әзірге, жылыжайда өсірілген қияр «Асар» базарында көтерме бағамен сатылуда. Кәсіп иесі осылайша Маңғыстаудың шөлейтті жерінде «көк шықпайды» деген аңызды жоққа шығарғанын мақтаныш тұтады.

«Даму» қорының қолдауымен ашылған кезекті жобаларға пресс-тур «Нейрон» мединициналық орталығында аяқталды. Жиырма төрт жылдық тарихы бар клиника өңірдегі маңдайалды емдеу орындарының бірі. Орталық басшылығы өз тұтынушыларын бірегей операциялар және жаңа үлгідегі емдік шараларымен емдеуде. Клиника мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағытында іскер қатынастарды үнемі жетілдіріп келеді. Бүгінде компания облыс тұрғындары мен меймандарына - клиникалық, биохимиялық, серологиялық зерттеу, ИФА, зертхана, компьютерлік томография, УЗИ, күндізгі стационар, стоматология, амбулаториялық хирургия, физиотерапия, массаж, ЛФК, ине-рефлекторлық терапия т.б. ем шараларын ұсынуда.

Осыдан біраз жыл бұрын жеке кәсіпкер «Даму» кәсіпкерлерлікті қолдау Қоры» АҚ Маңғыстау облысы бойынша аймақтық филиалына келіп «Көз микрохирургиясы мен гемодиализ» бөлімшесін ашуға бағытталған бизнес-жоспарын қолдауды сұраған. Көзделген мақсатының орындалуы үшін бағасы қымбат қондырғылар сатып алуы қажет. Осы орайда несиеге ақша алуға бел буған. Өңірде баламасы жоқ жоба мақұлданды. Берешек сома жылдық 14 пайызбен берілді. Оның 7 пайызын кәсіпкер төлесе, қалғанын мемлекет өтейді.

- Көзге микрохирургиялық операция жасау - катаракта, глаукома, птеригиум диагнозы қойылған пациенттерге мемлекет есебінен тегін медициналық көмек көрсету бойынша жүргізіледі. Науқастар тізімі алдын ала бірнеше апта бұрын жасалады. Біз көз кінәратына шалдыққан қарт кісілердің өмірге жаңа көзқараспен қарауына жол ашамыз. Түрлі деңгейлі көз сырқаттарынан сауықтырамыз. Осының барлығы жақында сатып алынған қондырғы көмегімен жүзеге асады,-дейді «Нейрон» клиникасының директоры Борис Чагай.

Эксимерлазерлі қондырғы жақын күндері клиникаға жеткізілген соң, көз кемшілігін түзеу операциялары жасалмақ.

Анықтама үшін:

Субсидидиялау:

Маңғыстау облысы бойынша бірегей бағдарламаның жүзеге асуы шеңберінде 228 жоба мақұлданды. Олардың жалпы құны - 49,96 млрд теңге. Қабылданған бизнес-жоспарлардың дені Ақтау қаласына тиесілі (47%), Жаңаөзен қаласы бойынша (30%) құрайды. Ал, аудандарда іске асырылатын жобалар үлесі - 53 пайыз.

Кепілдендіру:

«Даму» қорының кепілдендіру тетігі бойынша бағдарламаларды жүзеге асырудың бүгінгі кезеңіне дейін - жалпы құны 1 206,56 млн теңгені құрайтын 80 жоба мақұлданды. Кепілдендіру үлесінің ең көп мөлшерлемесі Ақтау қаласы бойынша - (36%), Жаңаөзенде (25%), сондай-ақ, Мұнайлы ауданында (20%). Қалған аудандарда - 64 пайыз.