info@fund.kz +7 (800) 080 18 90 | 1408 Online Damu

Кәсіпкер Ернар Маратов: «Алдыңа мақсат қойсаң ғана армандар орындалады»

Жаңалықтар
23.06.2016

Ернар Маратов өзінің еңбек жолын Атырау мұнай өңдеу зауытында оператор қызметінен бастады. Ұзақ жылдар бойы банктерде және жеке мекемелерде қызмет атқарды. Дегенмен, өз ісін ашу туралы ой үнемі мазалайтын еді.

Бір шешімге келген Ернар 2012 жылы транспорттық қызмет түрлерін көрсететін мекеме ашады.

«Болашаққа деген жоспар көп болатын. Сондықтан да басқа салаларға да түрен салып көргім келді. Осы ойдың жетегінде 2013 жылы «Перкарня «Золотое Зерно» мекемесінен жалға ғимарат алып, нан және кондитерлік өнімдер өндіретін шағын кәсіпорын аштым. Жұмыс барысында біліктілігімді арттыру үшін, әрі тәжіибе жинау, өнім түрлерін арттыру мақсатында Германиядан технолог Герхард Новицкийді шақырттым»,-дейді кәсіпкер.

2016 жылы Ернар Маратов коммерциялық мақсаттағы жылжымайтын мүлік алу мақсатында «Даму» Қорының 12 млн теңге кепілдендіруімен «Сбербанк» АҚ арқылы 60 млн теңге көлемінде несие алды. Несие мақұлданғаннан кейін, Ернар «Даму» Қорының кепілдігін алу үшін «Egov» порталы арқылы өтінім берген. Сөйтіп ол кепілдендіру құралын алуға «Egov» порталы арқылы өтінім берген Атырау қаласы бойынша бірінші, Қазақстан бойынша екінші кәсіпкер атанды. Өтінім 5 күн ішінде қаралып, мақұлданған.

Кәсіпкер бүгінгі күні «Маратов» ЖК, «Лейпурин» ЖШС (Алматы қ.), «Әділ» ЖШС (Алматы қ.), Корона–Агро (Самара қ.) секілді ірі компаниялармен әріптестік қатынас орнатқан. Атырау қаласы бойынша дүкендерге, сауда орындарына дайын өнім өткізу де жолға қойылды.

«Алдыңа мақсат қойсаң ғана армандар орындалады», - дейді Ернар Маратов.