info@fund.kz +7 (800) 080 18 90 | 1408 Online Damu

«Даму» қоры ЕҚДБ-мен бірлесіп ШОБ қолдауды кеңейтуде

Жаңалықтар
23.08.2023

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Еуропа даму және қайта құру банкімен бірлесіп қазақстандық бизнесті қолдау мен қаржыландыруға 22 млрд теңгеден астам қаражат бөледі. 

21 тамыз күні «Даму» Қоры мен ЕҚДБ арасындағы бұрын қол жеткізілген уағдаластық аясында жаңа жоба жүзеге асырылды. 9 млрд теңге мөлшеріндегі бірінші транштың үш жылдық облигациялары Қазақстандағы шағын және орта бизнес субъектілеріне қолдау көрсету мақсатында сәтті шығарылды. 

«Даму» Қоры мен ЕҚДБ ынтымақтастығының басым бағыттарының бірі – қазақстандық жеке кәсіпкерлік секторын қаржыландыруды дамытуға жәрдемдесу. Сондай-ақ, ЕҚДБ қаржы алған кәсіпкерлерге техникалық қолдау көрсетеді. 

Бұған дейін Қор мен ЕҚДБ Қазақстанда ШОБ дамыту бойынша бірлескен жобаларды табысты іске асырғанын атап өткен жөн, оның шеңберінде жалпы сомасы 118,3 млрд.теңгеге 15 мыңнан астам қарыз алушы қаржыландырылып, 4 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. 

«Даму» қоры 26 жылдан бері Қазақстанда орта, шағын және микро кәсіпкерлікті дамытуға ықпал етіп келеді. Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыра бастағалы бері «Даму» Қоры бүкіл Қазақстан бойынша 197 мыңға жуық бизнес-жобаға жалпы сомасы 11,4 трлн теңгеге қолдау көрсетті. Ол кәсіпорындар 2010-2022 жылдары 73,1 трлн теңгнің өнімін шығарды, бюджетке 5,4 трлн теңгеге салық төледі. Іске асқан жобаларда 800 мыңға жуық адамның жұмыс орны сақталып, 200 мың жұмыс орны ашылды. 

«Даму» Қоры отандық бизнесті қолдау мақсатында тиімді бағдарламаларды дамыту бойынша жұмысты жалғастыруға және ШОБ секторына инвестиция тартуды жандандыруға ниетті. 

Жасалған келісім аясында 12 млрд теңгеден астам мөлшердегі келесі транш ЕҚДБ-ның «Бизнестегі арулар» бағдарламасы бойынша әйелдердің бизнесін қаржыландыруға бағыттау жоспарлануда. Бұл бағдарлама әйелдерге өздерінің қаржылық мүмкіндіктері мен кәсіпкерлік машықтарын дамытуға көмектеседі, сондай-ақ бизнесте гендерлік теңдікке қол жеткізуде тұрақты даму мақсаттарын енгізу стратегиясына сай келеді.