info@fund.kz +7 (800) 080 18 90 | 1408 Online Damu

«Көз – жанның айнасы»

Жаңалықтар
28.08.2023

Бүгінде офтальмологияда технологиялық революция жүріп жатыр. Бұл революцияны жасаған – микроскоп. Микроскоп болғанда да, бұрыннан бері белгілі қарапайымы емес, операция микроскопы. Бұл адамның ең нәзік органы – көздің тереңдігіне енуге мүмкіндік берді. Операция микроскобының арқасында көздің микроәлеміне кіріп қана қоймай, ол жерде «тазалық» орнатуға да мүмкіндік туды.

Бұл революциялық әдісті офтальмологиялық және невропатологиялық қызметтерді ұсынумен айналысатын «Асклепий» ЖШС да қолданады. Компанияның офтальмология және невропатология саласында қызмет көрсетуге берілген 1-санатты лицензиясы бар. Құрылтайшысы Құлымбаев Ғалымжан Тұрғанбайұлы – офтальмология саласында 20 жылдан астам тәжірибесі бар маман.

Клиникада барлық дәрежедегі операция жасалатын блок, күндізгі стационар және линза мен көзілдірік таңдап беретін оптика бар. Көздің ішкі тор қабығын лазермен емдеу, қайталанған катаракта мен глаукома хирургиясы, көзді ультрадыбыспен зерттеу, циклоскопия сияқты қызметтер көрсетіледі.

Кәсіпкер атқарып отырған қызметін кеңейту және халықты көптеп қамту мақсатында Ақтау қаласы, Шығыс-3 шағынауданындағы, 0,053 га жер телімі бар бар жалпы ауданы 816,7 ш.м. құрайтын коммерциялық ғимаратты несиеге сатып алу туралы шешім қабылдады.

Кәсіпкерге «Нұрбанк» АҚ 21,75%-бен 116 000 000 теңгені 60 ай мерзімге несие етіп берді. Оның ішінде кәсіпкер 8%-ын төлейді, ал 13,75%-ын «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» мемлекеттік бағдарламасы аясында Қор субсидиялайды.

Қазір мұнда 10 жұмыс орны ашылды.

Клиникада қазір:

YAG офтальмологиялық лазері – көздің ішкі тор қабығын фотокоагуляцияға, қайталама катарактаны емдеуге және глаукоманы лазерлік емдеуге арналған көп мақсатты офтальмологиялық лазерлік жүйе;

Оптикалық когерентті томография – көз құрылымын сканерлеу үшін жарық сәулесін қолданатын диагностикалық зерттеудің бір түрі;

Infiniti факоэмульсификаторы – энергияның үш түрлі түрін механикалық, ультрадыбыстық немесе Aqualase сұйықтығының жоғары жылдамдықты ағынының энергиясын қолдану, сондай-ақ бұралу факоэмульсификациясын пайдалану арқылы катарактаны жоюға болатын бірегей хирургиялық қондырғы бар.

Офтальмологиялық қызметтерге қосымша мынадай медициналық қызметтерді көрсету жоспарлануда:

  • балалар мен ересектер невропатологысының кеңесі;

  • нейрохирургтың кеңесі;

  • травматологтың кеңесі;

  • Ультрадыбыстық қызметтер;

  • емшара кабинеті;

  • күндізгі стационар.

 Ақтау қ. Шығыс-3 шағынауданы, 29 ғимарат  

+7 778 007 00 43