info@fund.kz +7 (800) 080 18 90 | 1408 Online Damu

«Даму» Қоры Ақмола филиалының мемлекеттен қолдау алған кәсіпорындарда өткізген пресс-туры

Жаңалықтар
20.09.2023

Бизнеске мемлекет тарапынан қолдау көрсету – өңірдің ғана емес, тұтас елдің кәсіпкерлік секторын дамытуда маңызды рөл атқарады. Бұған «Даму» Қорының Ақмола облысы бойынша өңірлік филиалы ұйымдастырған пресс турға қатысқан БАҚ өкілдері көз жеткізді. 

Пресс тур аясында «Ақмола облысындағы шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау бағдарламаларын жүзеге асыру шаралары» тақырыбында баспасөз конференциясы өтіп, онда өңірлік филиал директоры Альмуханова Гульнара Наукеновна журналистерге нәтижелерді баяндады.

Бизнесті қолдау және дамыту бағдарламалары іске қосылған кезден бастап облыста:

  •         кәсіпкерлердің несие сомасы 272,58 млрд теңге болатын 3809 жобасы субсидияланып,

  •         кәсіпкерлердің 1892 жобасы «Даму» Қорынан 25 млрд теңгелік кепілдік алған. Мұндағы жалпы несие сомасы 50 млрд теңгені құрайды.

 Оның ішінде жыл басынан бері:

  •         кәсіпкерлердің несие сомасы 25,6 млрд теңге болатын 249 жобасы субсидияланып,

  •         кәсіпкерлердің 193 жобасы «Даму» Қорынан 6,3 млрд теңгелік кепілдік алған. Мұндағы жалпы несие сомасы 12,5 млрд теңгені құрайды. 

Пресс тур аясында БАҚ өкілдері бизнесін дамытуға мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау алған кәсіпорындарға барды. Журналистер «Даму» Қорының бағдарламаларына қатысқан кәсіпкерлердің нақты бизнес-кейстерімен танысып, олардың өз аузынан жеңіл несие алу, несиені субсидиялау арқылы қарыз жүгін жеңілдету, несиеге кепілдік алу секілді құралдарды қалай пайдаланғандарын естіді. Сондай-ақ Қазақстанда бизнесті қолдау мен дамытудағы өзекті мәселелер жайлы біліп, кәсіпорын басшыларынан сұхбат алды. 

Кәсіпорындар жайлы анықтама ақпараты: 

1. Биыл Көкшетау қаласында «Master drive» жаңа техникалық қызмет көрсету станциясы ашылды. Жобаны «И.А. Омелян» ЖК жүзеге асырды. Ирина Александровна жұбайымен бірге кәсіпкерлік қызметті 2006 жылы азық-түлік өнімдерін сатудан бастады, содан кейін 2012 жылы автокөлік бөлшектерін сатуға көшті. 2014 жылы алғашқы «Master drive» автокөлік кешені салынды. «Master drive» жаңа кешені Уәлиханов көшесі 195М бойында орналасқан. ТҚҚ салу және жабдықтарды сатып алу үшін 2021 жылы «Forte Bank»-тен несие қаражат тартылды. «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы аясында «Даму» қоры оны ішінара субсидияп, соның арқасында кәсіпкер несиесін тек 6%-бен төлейді, айырмасын «Даму» Қоры субсидиялайды.

 2. «Гормолзавод» ЖШС 50 жылдан астам уақыт бойы сүт өндірумен және өңдеумен айналысатын отандық кәсіпорын. Зауыт 1965 жылдан бері жұмыс істейді. Жеңілдетілген қаржыландырудың мемлекеттік бағдарламаларының арқасында кәсіпорын өндіріс жабдықтарын жаңғыртып, шығарылатын өнімнің сапасы мен ассортиментін арттыра алды. Енді «Гормолзавод» компаниясы сатып алушыларды тек әйгілі балмұздақпен ғана емес, сонымен қатар табиғи йогурт, сүзбе, айран, ашытылған сүт, май және түрлі ірімшіктермен қуантуға мүмкіндік алады. 2022 жылдың күзінде «Гормолзавод» ЖШС айналым қаражатын жылына 19,5%-бен толықтыру мақсатында «Халық банкінен» қаржы алды. «Даму» Қоры «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» бағдарламасы аясында сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауды ұсынды. Мемлекеттік бағдарламаның арқасында кәсіпорын несиені жылына 6%-бен ғана төлейді, айырмасын мемлекет субсидиялайды.

 3. «СВеГА» тігін цехы Қазақстан нарығында 20 жылдан астам жұмыс істеп келеді. Цех медициналық мекемелер мен қызмет көрсету кәсіпорындарының қызметкерлері үшін арнайы киім, форма тігеді. Үйлесімді команда жұмысы мен өз міндеттерін жылдам орындаудың арқасында компания Ақмола облысындағы осы нарықта көш бастап келеді. Кәсіпорын басшысы Плотникова Галина Владимировна тігін бұйымдарының конструкторы және технолог мамандығы бойынша Көкшетау тігін фабрикасында 1989 жылдан бастап жұмыс істеді. 2001 жылдың қыркүйегінде тігінші конструкторлар – Сайран, Вера, Галина, Азина есімдерінің аббревиатурасын қосып, «СВеГА» атты тігін кәсіпорнын ашты. 2020 жылдың көктемінде «СВеГА» ЖК «АТФ Банктен» «2017-2021 жылдарға арналған Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама» аясында жылына 6%-бен жеңіл несие алды. Ол қаражатқа жаңа тігін жабдықтары сатып алынды. Кәсіпорын ашылғаннан бері қаланың әр жерінен түрлі үй-жайларды жалдады. Ақырында, 2022 жылдың күзінде тігін шеберханасы үшін жеке ғимарат сатып алды. Ол үшін «First Heartland Jusan Bank» АҚ арқылы 19,5%-бен несие алды. Несиені «Даму» Қоры «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба» бағдарламасы аясында субсидиялап, соның арқасында кәсіпкер үшін сыйақы мөлшерлемесі жылына 6% - ға дейін төмендеді.