info@fund.kz +7 (800) 080 18 90 | 1408 Online Damu

«Даму» Қоры Ұлытау облысында филиал ашты

Жаңалықтар
02.08.2023

2 тамызда «Даму» Қоры Ұлытау облысының кәсіпкерлері үшін жаңа өңірлік филиал ашты. Енді жергілікті кәсіпкерлерге мемлекеттен қаржылық қолдау алу айтарлықтай ыңғайлы болды. «Даму» Қоры шағын және орта кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік және өз бағдарламаларын жүзеге асыра отырып, облыс кәсіпкерлері үшін кең мүмкіндіктер ұсынады.

Филиалдың ашылуына облыс әкімі Берік Абдіғалиұлы, «Бәйтерек» ұлттық холдингінің Басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев пен «Даму» Қорының Басқарма төрайымы Гаухар Бурибаева қатысты.

Отандық кәсіпкерлерді жүйелі және тұрақты қолдау – мемлекеттің басым міндеттерінің бірі. Қазір Қазақстанның әр тұрғыны үшін бизнес ашып, кеңейтуге мол мүмкіндік жасалып жатыр, - деп атап өтті «Бәйтерек» холдингінің басшысы Қанат Шарлапаев.

Бұл міндеттерді орындауда «Даму» Қорының өңірлік желілерінің маңызы зор. Мұнда сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау, несиеге кепілдік беру, екінші деңгейлі банктер, микроқаржы ұйымдары және лизингтік компаниялар арқылы жеңілдікпен несие беру, сондай-ақ клиенттерді оқыту және және сүйемелдеу арқылы бизнеске қолдау ұсынады.

2023 жылдың І жартыжылдығында ғана «Даму» Қоры жүзеге асыратын мемлекеттік бағдарламалар аясында 15,2 мыңнан астам кәсіпкер қолдау алды. 7,9 мың жобаға субсидия беріліп, 6 мың жобаға кепілдік берілсе, жеңіл несиеге 1,3 мың жоба қол жеткізді. Несиенің жалпы сомасы 813,2 млрд теңгеден асты, оның 65,4%-ы инвестиция үшін алған. Яғни қаражаттың жартысынан астамы жаңа жобаларды дамытуға және Қазақстанда жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарын жаңғыртуға салынған.

Қазір Ұлытау облысы бойынша жалпы несие сомасы 36,2 млрд теңге болатын 1 339 жоба, оның ішінде биыл 7 ай ішінде жалпы несие сомасы 9,7 млрд теңге болатын 211 жоба қолдау алды.

Салтанатты рәсімге қатысушылар жаңа филиалдың ашылуы өңірдегі кәсіпкерлікті одан әрі дамытуға және соның арқасында экономиканы дамытуда мультипликатив әсер ететінін атап өтті. Кәсіпкерлер санының өсуі бәсекелестікті арттыруға, нарықты сапалы отандық өніммен қанықтыруға, импорт алмастыруға және қазақстандық тауарлардың сыртқы нарыққа шығуына ықпал ететін болады.